Өскеменде жалған ҰБТ сертификаттарын сатқандарға қатысты тергеу аяқталды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Арман Тілеукенов 52 адамға педагогтың біліктігі сертификатын сатқан азаматтарға қатысты тергеу аяқталғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі «алаяқтық» бабы бойынша Өскемен қаласының тұрғынына және басқа адамдарға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады. Аталған адамдар алдау арқылы азаматтардың қаражаттарын аса ірі мөлшерде иемденген. Тергеу барысында күдікті 2022 жылдың маусымы мен 2023 жылдың шілдесі аралығында біліктілік алу үшін тестілеуден сәтті өткені туралы сертификат беру сылтауымен алдау жолымен 52 азаматтың жалпы сомасы 17,4 млн теңге ақшалай қаражатын иемденгені анықталды. Бір жалған сертификаттың құны 200 мыңнан 700 мың теңге аралығында болған, - деді ресми өкіл агенттіктегі кезекті брифингте.
Тілеукеновтің мәлімдеуінше, күдіктіге ҰБТ сертификаттарын да сатты деген айып тағылып отыр.
Облыстың 2 азаматының жалпы сомасы 2,4 млн теңгеге ақшалай қаражатын иеленген. Материалдық залалдың жалпы сомасы - 19,8 млн теңге. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде қаржылық тергеп-тексеру жүргізілді. Оның нәтижелері бойынша, залалды өтеуді қамтамасыз ету мақсатында, қылмыстық іс фигурантының автокөлік құралына тыйым салынды. Соттың санкциясымен күдіктіге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды, - деді Арман Тілеукенов.