Өскеменде Тәуелсіздік монументі ашылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Өскеменде Қазыбек би мен Ілияс Есенберлин даңғылдарының қиылысында Тәуелсіздік монументі ашылды.
Бұл іс-шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге арналған.
Композиция алтыбұрышты негізде орналасқан. Оның төменгі бөлігінде Қазақстанның даму тарихының негізгі кезеңдерін бейнелейтін барельеф қарастырылған.
Ескерткіштің орталық бөлігінде үш ұлы бидің – Төле би, Қазыбек би және Әйтеке бидің мүсіндері қойылған. Ескерткіштің орталық бөлігінде Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың үш тілде дәйексөзі бар.
Жоғарғы бөлігінде композиция авторы Қазақ хандығының негізін салушылар – Керей мен Жәнібек хандардың мүсіндерін орналастырған.
Жобаның сәулетшісі, авторы – суретші Сәрсен Сиитов. Ескерткішті алматылық«GEMBA» ЖШС компаниясы тұрғызған.
Ескерткіш орнатудың бастапқы кезеңінде оның іргетасына мәтіні бар капсула қаланды, онда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еліміздің егеменді ел болғанға дейін басынан өткерген қиын-қыстау туралы айтқан сөздері жазылған.