Өскеменде «Серпін – 2050» саябағы ашылды
Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. «Серпін» бағдарламасы бойынша Шығыс Қазақстанға келген студенттердің алғашқы түлектері Д. Серікбаев атындағы ШҚМУ аумағында ашылған саябаққа ағаш отырғызды.
Осыдан 4 жыл бұрын «Серпін» бағдарламасы бойынша Шығысқа бет алған жастардың алғашқы легі биыл жоғарғы оқу орнын тәмамдамақ. Атап айтсақ, биыл Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ қабырғасынан 384 студент түлеп ұшады.
«Өмірдің ең қызық студенттік сәті қас-қағым уақытта өте шықты. 4 жыл бұрын барлықтарыңыз ата-аналарыңызбен білмейтін жер, танымайтын ел Өскеменге келген едіңіздер. Енді міне, бір-бір мамандық иесі болып туған жерлеріңізге қайтасыздар. Бүгінгі шарамен сіздер Шығыста болдық деген өз іздеріңізді қалдырмақсыздар. Біраз жылдардан соң қайтып оралып, өздеріңіз отырғызған тал көшетінің зәулім ағашқа айналғанын көресіздер. Осындай игі іспен сіздер кейінгі келетін студенттер легіне «Біз сияқты болып, университетімізге, табиғатымызға осындай қайырымды іс істеңіздер!» деген өсиет қалдырарларыңыз анық», - деді Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ректоры Жасұлан Шаймарданов.
Бұл күні университет аумағында ашылған жаңа аллеяға жөке мен қайың көшеттері отырғызылды.
«4 жыл бұрын Шымкент қаласынан келген болатынмын. Студенттік шақ көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Осы жылдар аралығында Шығысқа бой үйретіп қалдым. Бүгінгі саябаққа отырғызған тал ағашты бірнеше жылдан соң қайта оралып көргім келеді. Туған жерге, ата-анама оралып алған білімімді кәдеге жаратсам ба деген ойдамын. Әрине, жұмыс табылып жатса, Шығыс Қазақстанға қайта оралуға да қарсы емеспін», - деді Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ студенті Елжан Биболов.
Қоса кетсек, 2014 жылы «Серпін – 2050», «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» бағдарламасы қабылданып, іске асырыла бастаған болатын. 2015 жылы Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ аталмыш бағдарламаны жүзеге асыратын жоғары оқу орындарының бірі болып белгіленіп, осы жылы бұл оқу ордасына 450 грант орны бөлінген еді.