Өскеменде қызын ернінен сүйген әкенің видеосына қатысты полиция тексеріс бастады
Жазба авторының айтуынша, Өскемен полициясы онымен байланысып, бейнежазбаны өшіруді сұраған.
Қазақстандықтардың әлеуметтік желілерінде әкесінің қызының туған күнінде оны ернінен сүйіп құттықтаған видеосы қызу талқыланып, көпшілік арасында дау туғызды.
Желіні шулатқан видеода ер адам үйінде қолына мерекелік торт ұстап, қызын қарсы алады. Туған күнімен құттықтаған ол қызын ернінен сүйеді. Бұл бейне Threads әлеуметтік желісінде қызу талқыланып, көпшіліктің наразылығын тудырды.
Кейін жазба авторы Өскемен қаласының полиция қызметкерлері өзімен байланысып, видеоны өшіруді сұрағанын хабарлады.
Маған Өскемен полициясынан қоңырау шалып, видеоны өшіруді өтінді. Мен оны өшірдім. Полиция бұл отбасын шынымен бақылауға алып, жағдайды анықтайды деп үміттенемін, – деп жазды ол.
Аталған видеоға қатысты Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті пікір білдірді.
Аталған деректер полицияда тіркелді. Қазіргі уақытта тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған Білім басқармасы мен жергілікті атқарушы органның қызметкерлері тартылды, – деп мәлімдеді полиция департаменті.
Қазан айында Астанада да құрбысына ұлын ернінен сүйгізген әйел жауапқа тартылған еді. Бұл видео да әлеуметтік желілерде тараған. Кейін бейнежазбаны баланың анасы түсіргені анықталды. Оған баланы тәрбиелеу және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік жүктелді.