Өскеменде педагогтің біліктілігі туралы сертификат сатқандарға қатысты тергеу аяқталды

Өскеменде тұратын әйел мен оның сыбайластары 50-ден аса адамға педагогтің біліктігі туралы жалған сертификат сатқан. Бір жалған сертификаттың құны 200 мыңнан 700 мың теңге аралығында болған, деп хабарлайды BAQ.KZ Altaynews.kz-ке сілтеме жасап.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өткізген брифингте аталған ведомствоның ресми өкілі Арман Тілеукенов 52 адамға педагогтің біліктігі сертификатын сатқан Өскемен тұрғындарының үстінен сотқа дейінгі тергеу аяқталғанын мәлім етті.

ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Өскемен қаласы тұрғынына және басқа адамдарға қатысты "алаяқтық" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады. Аталған адамдар алдау арқылы азаматтардың қаражаттарын аса ірі мөлшерде иемденген. Тергеу барысында күдікті 2022 жылдың маусымы мен 2023 жылдың шілдесі аралығында біліктілік алу үшін тестілеуден сәтті өткені туралы сертификат беру сылтауымен алдау арқылы 52 азаматтың жалпы сомасы 17,4 млн теңге ақшалай қаражатын иемденгені анықталды. Бір жалған сертификаттың құны 200 мыңнан 700 мың теңге аралығында болған, – дейді агенттіктің ресми өкілі.

Арман Тілеукеновтің айтуынша, аталған тұрғынға ҰБТ сертификаттарын да сатты деген айып тағылып отыр.

Сондай-ақ, күдікті ҰБТ-ны сәтті өткендігі туралы сертификат беру сылтауымен облыстың 2 азаматының жалпы сомасы 2,4 млн теңге ақшалай қаражатын иеленген. Материалдық залалдың жалпы сомасы 19,8 млн теңгені құрады.Сотқа дейінгі тергеу шеңберінде қаржылық тексеру де жүргізілді. Оның нәтижелері бойынша, залалды өтеуді қамтамасыз ету мақсатында, қылмыстық іс фигурантының автокөлік құралына тыйым салынды. Соттың санкциясымен күдіктіге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды, - деді ресми өкіл.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы