Өскеменде мұқтаж адамдардың саны азайып келеді
Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өскеменде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны жыл санап азайып келеді.
Бұл туралы қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығы хабарлады.
Елімізде «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» заңының қабылданғанына биыл 20 жыл толды. Осы аралықта аталмыш заңнамалық құжатқа бірнеше рет толықтырулар мен өзгертулер енгізілды. Заң күшіне енгелі бері тек оң нәтижемен оқшауланып, жыл сайын атаулы әлеуметтік көмекті қажет ететіндер саны азайып келеді. Мысалы Өскемен қалаласында 2019 жылы осындай көмекке мұқтаж 1800 отбасы болса, 2021 жылы оны қажет ететін отбасылардың саны 2 есеге азайды, – дейді Өскемен қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығының атаулы әлеуметтік көмек бөлімінің басшысы Меруерт Сәрсебаева.
Жауапты тұлғаның айтуынша, 2021 жылы құрамында 3709 мүшесі бар 838 отбасына аталмыш көмек түрі тағайындалса, оның 251-і көпбалалы, ал 587-сі азқамтылған отбасы екен. Сондай-ақ, 664 отбасына кепілдендірілген әлеуметтік пакет тағайындалған.
Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары жүзеге асырылып, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың еңбекке жарамды мүшелерін жұмыспен қамту мақсатында 132 адам жұмысқа орналастырылды.
Ай сайын қаланың алшақ аудандарында, саяжайларда тұратын халықпен және сауда үйлерінде, базарларда, теміржол вокзалдарында атаулы әлеуметтік көмек бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, бөлім қаланың кәсіпорындарымен, волонтерлерімен, автоклубтарымен атаулы әлеуметтік көмек алушылармен демеушілік көмек көрсетуді ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Наурыз мейрамы мен Ораза айы қарсаңында «Қамқор Вагон» кәсіпорны әрбіреуінің бағасы 24 мың теңге тұратын 450 қорап тауар жиынтығын атаулы әлеуметтік көмек алатын 150 отбасына таратты, – дейді Меруерт Сәрсебаева.
Сонымен қатар, жыл бойы атаулы күндер қарсаңында азқамтылған отбасыларға түрлі акциялар ұйымдастырылып, материалдық көмектер көрсетілді, сертификаттар ұсынылды.