5 Тамыз 2026, 12:20 Фото: Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы

Өскеменде мектеп оқушылары арасындағы дәстүрлі веложарыс басталды

Өскеменде өтіп жатқан дәстүрлі додаға еліміздің 11 өңірінен келген 120-ға жуық жас велошабандоз қатысуда.

Өскеменде мектеп оқушылары арасында дәстүрлі «Қазақстанның мектеп оқушысы» атты көпкүндік веложарыс басталды.

Биыл бұл жарыс 56-рет ұйымдастырылып отыр. Оны Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының бастамасымен өткізу дәстүрге айналған.

Биылғы дода Шығыс Қазақстан облысының орталығы – Өскемен қаласында өтіп жатыр. Жарыс жас велошабандоздардың шеберлігін шыңдап, өзара бақ сынауына мүмкіндік береді.

Биыл елдің 11 өңірінен келген 120-ға жуық спортшы жарыс жолына шықты. Сайысқа 2008–2009 жылдары туған және одан кіші жастағы жасөспірімдер қатысып жатыр.

Көпкүндік жарыс жеті кезеңнен тұрады. Бағдарламаға жекелей және топтық сындар енгізілген. Қатысушылар 25, 40, 80, 84 және ең ұзақ 90 шақырым қашықтықтарда бақ сынайды.

Бұл жарыс – жас спортшылардың күш-жігерін шыңдап, шеберлігін арттыратын маңызды спорттық алаң. Жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған талантты жасөспірімдер осы додада өз мүмкіндіктерін көрсетіп, тәжірибе алмасады. Осындай жарыстардың арқасында болашақта халықаралық ареналарда Қазақстанның көк туын желбірететін спортшылар өсіп шығады деп сенеміз, – дейді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының жетекші сарапшысы Нұрберген Нұрлыхасымұлы.

Айта кетейік, дәстүрлі жарыс Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің және «Қазақстан велосипед спорты федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің қолдауымен өтіп жатыр.