Өскеменде Марат Қабанбаевқа арналған кеш өтті
Жуықта Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында балалар жазушысы, публицист Марат Қабанбаевқа арналған «Бала жанының жаршысы...» атты шығармашылық кеш өтті деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Ұлттың болашағы ұрпақ тәрбиесіне тікелей қатысты. Осыны білген бабаларымыз балаларды халық ауыз әдебиетінің нәрімен сусындатып отырған. Әлдидің әуенін әдебиетке ұластырған. Дәл осындай уақыт талабымен толығып отыратын руханиятқа үлкен үлес қосқан қаламгерлердің бірі – Марат Қабанбаевтың туғанына биыл 75 жыл толып отыр.
Бала жанының бағбанына айналған қаламгердің шығармашылығы – қазақ руханиятының алтын қазығы. Сондықтан оны ұрпаққа дәріптеу ұлттық мүдде жолындағы іс-шаралардың легінен болмақ.
Рухани кешке қатысқан балалардың көптігіне қарап қаламгер шығармашылығының бүгінгі таңда сұраныста екендігін байқауға болатындай. Оқушылардың қаламгер шығармашылығын жан-жақты талдауы да кітапқұмар ұрпақтың бар екендігінің айғағы бола білді.
Әдеби кешке қатысқан жас оқырмандар оның еңбектерін талдауға өте белсенді қатысып, кез келген сұраққа мүдірмей жауап беруі арқылы жазушының шығармашылығын жан-жақты зерттеп, оның өмірбаянымен жете танысқандықтарын көрсетті. Кей оқушылар қаламгердің жеке шығармаларынан электрондық викториналық сұрақтар, түрлі ойындар дайындап әкеліп, шараға қатысқан барлық оқушыларға жазушының шығармашылығымен тереңірек танысуына себепші болды. Кеште жазушының әңгімелерінің айтар ойы мен идеясы, шығармаларының тәрбиелік мәні кеңінен талқыланды. Кешке қатысқан әрбір оқырман жазушының шығармашылығы жайлы толық мағлұмат алып, ондағы түрлі кейіпкерлердің жақсы қасиеттерін үлгі тұтып, рухани байып қайтты. Бүгінгі іс-шараны жоспарлаудағы біздің көздеген басты мақсатымыз да осы еді, – дейді кітапхана қызметкері Гүлнұр Зұлқаршын.
Жазушының өмірбаяны мен шығармасын расымен де балалар қызыға талдады. Бұл – қаламгердің шығармашылығы мен ғұмырнамасы бүгінгі ұрпаққа сөзсіз үлгі бола алатындығының дәлелі. Биыл туғанына 75 жыл толып жатқан жазушының кітапқұмарлығы шытырман оқиғалы әдебиеттерді оқудан басталған екен. Осылайша ол «Робинзон Крузо» романын оқып, содан кейін барлық бос уақытын анасы жұмыс істейтін кітапханада өткізген. Нәтижесінде балаларға арнап бірнеше кітап жазып кетті.
Атап айтар болсақ, «Арыстан, мен және виолончель», «Жиһанкез Тити» және «Бақбақ басы толған күн» атты повестер жинағы оқырман қолынан түскен емес. Бұл шығарма желісі бойынша «Қазақфильм» студиясында «Сіз 12 жаста болғанда» (1979) толықметражды көркем фильмі де түсірілген.
Міне, бүгінгі телефон тетігіне байланған ұрпақты осындай көркем шығармалармен тәрбиелеуге болады. Қазақ руханиятында ұрпаққа оқуға ұсынар шығарма да, өмірін үлгі етер қаламгер де баршылық. Солардың бірі де бірегейі жерлес жазушы Марат Қабанбаевтың шығармашылығын бала тәрбиесіндегі басты қаруға айналдыруымыз керек.