Өскеменде көркем гимнастикадан ел чемпионаты басталды
Өскеменде ауқымды спорт мерекесі – көркем гимнастикадан Қазақстан чемпионаты басталды. Аталмыш сынға шаһардағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде 2012 жылы туған бірінші разрядты жас гимнасттар қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жарыс үш күнге созылады. Ұйымдастырушылар хабарлағандай, биылғы республикалық біріншілікте еліміздің 16 өңірінен келген 250-ден астам спортшы өнер көрсетуде. Арасында әдеттегідей кез келген жарыстың фавориттері саналатын Астана, Шымкент, Алматы қалаларының командалары бар.
Бүгін облысымызда біраз жылғы үзілістен кейін осындай деңгейдегі жарыс қайта ұйымдастырылып отыр. Бұған ерекше қуаныштымыз. Жарысқа еліміздің түгелдей дерлік өңірінің спортшылары қатысуда. Әрине, жерлестерімізден зор үміт күтетініміз жасырын емес. Жалпы, қазір облысымызда осы спорт түрімен бір жарым мыңнан астам бала шұғылданатынын айтқым келеді. Біздің қоғамдық бірлестіктің құрылғанына 10 жылға жуық уақыт болды. Осы уақыт ішінде Азия чемпиондарын, Әлем кубогы мен жасөспірімдер Олимпиадасының жүлдегерлерін тәрбиеледік. Сондай-ақ біздің тәрбиеленушілер топтық жаттығулар бойынша ұлттық құраманың мүшесі екенін айтқан абзал. Біз металлургтер мен кеншілердің осы бір тамаша спорт түріне қосқан үлесін айрықша бағалаймыз. Демеушілік қолдаудың арқасында жас таланттарымыз түрлі деңгейдегі байрақты бәсекелерде бақ сынауға мүмкіндік алып отыр, – дейді облыстық көркем гимнастика федерациясының вице-президенті Анар Жантасова.
Айта кетейік, биылғы жарысқа қатысушылар жеке және топтық бағдарламаларда өз шеберліктерін көрсететін болады. Тағы бір атап өтер жайт, біріншілікте үздік нәтиже көрсеткен спортшылар ел құрамасына шақырту алмақ.