Өскеменде көпірден секірген жігіт құтқарылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өскеменде полиция қызметкерлері көпірден секіріп кеткен жігітті құтқарып қалды, деп хабарлады Altaynews.
Оқиға 1 қазан күні сағат 23.00 шамасында болған. Өскемен полиция басқармасының кезекші бөліміне Үлбі көпірінде секірмек болған ер адам тұрғаны туралы хабарлама түсті.
Оқиға орнына дереу «Буран-13» патрульдік полиция батальонының экипажы келіп жетті.
Аға лейтенант Бекарыс Абдолданов жігітті бірден екі қолынан ұстап алды. Осы кезде оның серіктесі Дидар Болотбаев оны сөзге тартып, келіссөз жүргізді. Ал үшінші полицей Азат Атамбаев жігіт құлап кеткен жағдайда сақтандыру үшін құтқару кеудешесін алып, төмен жүгірді, - делінген ақпаратта.
Рация бойынша берілген ақпаратты Криминалдық полиция басқармасының екі қызметкері - Ерік Ерсаинов пен Аян Сембаев естіп, оқиға орнына келген. Олар көпірдің астына түседі.
Ал жігіт полицейлердің сөзіне құлақ аспастан өзенге секіріп кеткен. Сол мезетте дайын тұрған Ерік Ерсаинов іле - шала оған қарай жүзе жөнеледі. Полицейлер жігітті судан шығарып алып, алғашқы көмек көрсетті. Одан кейін ол ауруханаға жеткізілді.
Мұндай әрекетке 23 жастағы жігіт сүйіктісімен жанжалдан кейін бел буған көрінеді.