11 Наурыз 2026, 08:54 Фото: Скриншот

Өскеменде коммуналдық апат салдарынан бірнеше үйдің қабырғасы жарылды

Кейбір тұрғындардың сөзінше, жарықтар уақыт өткен сайын үлкейіп барады.

Өскемен қаласының Защита шағын ауданында бірнеше жеке үйдің қабырғасында жарықтар пайда болды. Тұрғындардың айтуынша, бұл жағдай коммуналдық желілердегі апаттан кейін байқалған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қатонқарағай көшесі тұрғындары мұндай жарықтар бір емес, бірнеше үйде пайда болғанын айтады. Кейбір тұрғындардың сөзінше, жарықтар уақыт өткен сайын үлкейіп барады. Олар бұған су құбыры желілеріндегі апат себеп болуы мүмкін деп болжайды. Бұған дейін үйлердің маңында су жиналған шұңқыр пайда болғаны да айтылды.

Оқиға орнына Алмат Ақышов барып, зақымданған үйлерді қарап шықты. Оның айтуынша, үйлердің жағдайын анықтау үшін толық техникалық тексеру жүргізілуі тиіс.

Қатон-Қарағай көшесінің тұрғындарының өтініші бойынша бүгін аталған мекенжайға арнайы барып, үйдің қазіргі жағдайымен танысып қайттым. Нысанды қарап шығып, анықталған мәселелер бойынша тиісті сала мамандарына нақты тапсырмалар берілді, – деді қала әкімі.

Әкімнің мәліметінше, қазіргі уақытта зақымданған үйлерде тұру қауіпті болуы мүмкін. Техникалық тексеру аяқталғаннан кейін жергілікті билік қандай шаралар қабылданатыны жөнінде шешім қабылдайды.