Өскеменде Катонқарағай ауданының ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтті

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Өскеменде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін ұйымдастырған катонқарағайлық шаруалар қала жұртшылығына жақсы көңіл-күй сыйлады.

Бірнеше жыл қатарынан ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын тұрақтандыру және қала жұртшылығының азық-түлік қорын жинап алуына жағдай жасау бағытында ұйымдастырылып келе жатқан мұндай жәрмеңкелер биыл да жалғасын табуда. 

Бұл жолы кезек Өр Алтайдың төрінде орналасқан Катонқарағай ауданының шаруаларына келіп жетті. Марал және бал ара шаруашылықтарын дамытып, панты мен омарта өнімдерінен өзіндік бренд қалыптастырған аудан шаруалары бұл жолғы жәрмеңкеге өздерімен бірге 165 литр қымыз, үш тоннаға жуық сиыр етін, екі тоннадай жылқы етін және жарты тонна қой етін алып келіп, нарықтық бағадан төмен мөлшерде саудалады. Сонымен қатар, панты және омарта өнімдерін, «Катонқарағай» Мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің кәдесыйларын да саудалады. 


Облыс әкімі Даниал Ахметовтың тапсырмасына сәйкес, бізде ауыл шаруашылығы басқармасымен аудандардың ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізу кестесі бекітілген. Аталмыш кестеге сәйкес, бүгін біздің ауданның кезегі келді. Аталған жәрмеңкеге барлық 13 ауылдық округтің шаруалары қатысып отыр. Әр ауылдық округке бір сиыр, бір жылқы және екі қой етін жеткізу туралы тапсырма беріліп, облыс орталығына сақадай-сай келдік, - деді Катонқарағай ауданы әкімінің орынбасары Жанар Сыздықова. 

Бұған қоса, 200 келі балық пен 350 литр күнбағыс майы, 1,5 тонна бал мен «Ақсу Дэн» шаруашылығының панты өнімдері қоса жеткізіліп, арзан бағада сатылды. Сондай-ақ, Шығыс Қазақстанның бірнеше ауданының аумағында ғана өсетін балқарағай және сүт өнімдері де сауда сөрелеріне қойылды. 


Таңның атысынан, күннің батысына дейін адам қарасы үзілмеген жәрмеңкеде коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында барлық санитарлық талаптар орындалып, сауда дүңгіршектері санитайзерлермен қамтылып, сатушылар резеңке қолғаптармен қызмет көрсетті.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы