Өскеменде ірі супермаркеттен мерзімі өткен тауарлар анықталды

Өскемен қаласында Жеңіс көшесі, 10 мекенжайында орналасқан «Magnum» супермаркеті «Время истекло» азаматтық бастамасының бақылау рейдінен кейін сынға ілікті. Белсенділер дүкен сөрелерінен жарамдылық мерзімі әлдеқашан өткен көптеген тауарды анықтап, арбаларға толтыра жинап алды. Кейбір өнімдердің мерзімі бір жылдан аса уақыт бұрын өтіп кеткені белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ «Жаңа адамдар» қозғалысына сілтеме жасап.

Сауда желісіне ресми ескерту жасалып, басшылық жағдайды түзетуге уәде бергенімен, бір ай өткен соң мәселе шешілмей, қайта ушыға түсті. Қайта тексеріс кезінде белсенділер ет өнімдері мен қышқыл-сүт тағамдарының да жарамсыз күйде сатылып жатқанын көрді.

Жағдайды жұртшылыққа жария ету үшін «Жаңа адамдар» қозғалысының өкілдері арнайы акция өткізді. Олар үш бөшкеге мерзімі өткен өнімдерді толтырып, «Бұл қоқыс — сіздерге сатпақ болған өнім», «Magnum мерзімі өткен тауарларды сатады» деген жазуы бар газельмен қаланы аралады. Кейін химқорғау костюмдерін киіп, бөшкелерді дүкенге қайта әкеліп, тауарды ресми түрде «қайтарды».

Акция кезінде Өскемендегі сауда желісіне жауапты директор да дүкенге келіп, сөрелердегі жарамсыз өнімдерді өз көзімен көрді. Ол тауарды жою жұмысына қатысып, енді мұндай жағдайдың қайталанбайтынына сендірді.

Белсенді Амина Аманбаеваның айтуынша, мәселе тек өнім сапасында ғана емес, жалпы қоғамдағы жауапкершілік мәдениетінде жатыр.

Мерзімі өткен тауар — бұл мерзімі өткен сана. Бұл тек азық-түлікке қатысты емес, адамдардың іске, уақытқа деген көзқарасының көрінісі. Өзгеріс әрқайсымыздан басталады, — деді ол.

«Время истекло» қозғалысы тұтынушыларды дүкен сөрелерінде мерзімі өткен өнімді байқаса, бейжай қалмай, суретке түсіріп, ұйымға хабарлауға шақырады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы