Өскеменде Гематология орталығының құрылысы аяқталуға жақын
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Риддер қаласынан кейін Өскемендегі жаңа дәрігерлік амбулатория мен гематология орталығына барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ахмер шағынауданының Жаңажол көшесінде орналасқан мектеп маңындағы жаңа дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталуға таяу. Бірқабатты ғимарат бір ауысымда 25 адамды қабылдай алады. Болашақта осы медициналық мекемеде қызмет атқаратын дәрігерлермен кездесу өткізілді. Жиын барысында еңбек жағдайлары, материалдық-техникалық жабдықталу және медицина қызметкерлерінің алдағы жоспарлары талқыланды.
Сонымен қатар гематология орталығының құрылыс барысы бақыланды. Бұл облыстағы ең ірі әрі жоғары технологиялы медициналық нысандардың бірі.
Кешен құрамына негізгі ғимарат, науқастар мен оларды алып жүретін азаматтарға арналған пансионат, техникалық блок кіреді. Жобаның жалпы құны - 83 млрд теңге.
Қазіргі таңда нысанның құрылыс дайындығы 95 пайызды құрайды. Барлық ғимарат бой көтерген, ішкі әрлеу, инженерлік желілерді монтаждау және аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс алаңында шамамен 360 адам мен 10-ға жуық арнайы техника жұмыс істеуде.
Жаңа медициналық нысандар өңірдің денсаулық сақтау жүйесінің мүмкіндіктерін едәуір кеңейтіп, Шығыс Қазақстан тұрғындары үшін мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді.