Өскеменде ерекше сурет көрмесі өтіп жатыр

Шығыстың бас қаласы – Өскеменде танымал қылқалам шебері Құдаш Нұрсадықовтың алпыс жылдығына орайластырылған ерекше сурет көрмесі өтуде. Қала тұрғындары мен қонақтары Өнер мұражайында, сонымен қатар, «Жаңғыру» атты шығармашылық бірлестіктің «Алтайдың ажары» көрмесін де тамашалай алады, деп хабарлайды BAQ.KZ -тің Шығыс Қазақстан облысындағы тілшісі.

Атап өтерлігі «Жаңғыру» бірлестігін Құдаш Дәулетханұлы құрған болатын. Оған өңірдегі сурет өнеріне бейімі бар жастар біріктіріліп отыр. Үшінші жыл қатарынан жұмыс істеп келетін аталған ұжым қолына қылқалам ұстаған жастардың жолын ашуды көздеуде.

Өлкемізде дарынды жастар өте көп. Алайда, олар көріне алмай келеді. Шеберлігін шыңдап, бағыт-бағдар көрсетуді парыз санадым. Шүкір, бірлестіктің аяқ алысы жаман емес. Шығыстағы көркемсурет өнерін жаңғыртып жүрміз, – дейді әйгілі суретші. 

Бірлестік бұған дейін бірнеше рет танымдық тақырыпта көрме ұйымдастырған болатын. Бір рет Алаш қозғалысының көшбасшыларына арнап көрме өткізген еді. Ол іс-шараға өнерсүйер жұртшылық айырықша қызығушылық танытқан.

Мерейтойға арналған көрмеге Құдаш ағаның пейзаждары, портреттері қойылыпты. Суретші туындыларынан ұлттық құндылықтың иісі аңқиды. 1984 жылы Семейдегі пединституттың сурет факультетін бітірген Құдаш Дәулетханұлының суреттері бір мыңнан артқан. 

2014 жылы Қытайда, 2015 жылы Араб әмірліктерінде, 2019 жылы Кипрде, 2021 жылы Түркістанда өткен көрмелерге қатысқан. Қазір ол «Сурет» балалар студиясында сабақ береді. 

Көрмені тамашалағысы келетін көпшілік үшін облыстық өнер мұражайының есігі әрдайым ашық.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы