Өскеменде экологиялық талаптарды бұзған комбинат 24 млн теңге айыппұл арқалады

Өскеменде жүргізілген жоспардан тыс экологиялық тексеру нәтижесінде "ҚК ТМК" АҚ (Өскемен титан-магний комбинаты) 24 миллион теңге көлемінде айыппұл төлейтін болды. Бұл туралы ШҚО Экология департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ  Устинка LIVE басылымына сілтеме жасап.

2024 жылғы 20 мамыр мен 2 маусым аралығында атмосфералық ауаға ластаушы заттардың шығарылуына байланысты кәсіпорынға тексеру жүргізілді. Нәтижесінде газ тазарту жабдықтарын қолдануға қойылатын талаптардың сақталмағаны анықталды. Атап айтқанда, 19 мамырда хлорлау жүйесін тазарту кезінде газ тазарту жүйесін айналып өтетін ұйымдастырылмаған шығарындылар тіркеліп, бу-газ қоспасы атмосфераға тараған, - делінген хабарламада.

Кәсіпорын бұл оқиға шамамен екі сағатқа созылғанын растады. Сонымен қатар, өндірістік экологиялық бақылауға қатысты жабдықтарда сәйкессіздіктер табылып, экологиялық деректердің дұрыстығына күмән келтірілді.

Экология департаменті тарапынан кәсіпорынға бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Егер белгіленген мерзімде талаптар орындалмаса, қайта тексеру жүргізіледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ШҚО Экология департаменті
Өзгелердің жаңалығы