Өскеменде баға тұрақтылығын арнайы мониторингтік топ бақылайды
Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгі күні Өскеменде әлеуметтік маңызы бар өнімдерді 5-тен 12 пайызға дейінгі үстеме бағамен саудалайтын 30 сауда нүктесі жұмыс істейді.
Әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі тауарға 15 пайыздан артық сауда үстемесін қосуға болмайды. Неге дейсіз бе? Өйткені, биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап, еліміздің «Сауда қызметін реттеу туралы» заңының 8-бабына енгізілген толықтырулар күшіне енді. Атап айтсақ, бұдан былай жергілікті жердегі атқарушы органдар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қосылатын сауда үстемесінің мөлшерін сақтауға байланысты мемлекеттік бақылауды жүзеге асырып отырмақ. Яғни, бұдан былай осындай тауар түрлеріне қосылатын сауда үстемесі 15 пайыздан аспауға тиіс.
Аталған заңнамалық норманы бұзған кәсіпкерлер еліміздің Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңының 204-4-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бүгінгі күні әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын тұрақтандыру жөніндегі мониторингтік топ құрылып, оның құрамына атқарушы билік пен өкілді органдардың, Nur Otan партиясының және қоғамдастық өкілдері кірді. Қазірде аталған топ қаланың сауда нүктелерін аралап, кәсіпкерлік нысандарды заңнамалық нормалармен таныстыруда. Қазіргі уақытта үстеме баға мен тауар-көліктік жүкқұжаттарының мөлшеріне мониторинг тұрақты жүргізіліп тұрады, - деді Өскемен қалалық мәслихатының хатшысы Александр Светаш.
Оның айтуынша, бағаны реттеу мақсатында қаланың тауар өндірушілерімен, көтерме жеткізушілермен және сауда нүктелерімен бағаны тұрақтандыруға байланысты 210 ынтымақтастық меморандумы жасалған көрінеді. Бұған қоса, бүгінгі таңда облыс орталығында әлеуметтік маңызы бар өнімдерге 5-тен 12 пайызға дейінгі сауда үстемесін қосып саудалайтын 30 павильон қала жұртшылығына қызмет көрсетуде. Сонымен қатар «Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының павильондарында әлеуметтік маңызы бар сегіз өнім нарықтық бағадан 20 пайызға төмен бағамен саудалануда.
«Айналым схемасы» шеңберінде «AIIMartVostok» шағын маркеттерінде сүт өнімдерінің үш түрі төмендетілген бағамен сатылады.
Бүгін мониторингтік топ мүшелері сауда нүктелеріне кезекті мониторинг жүргізді. Нәтижесі жаман емес. Сауда нүктелерінде бағаны көтеруге қатысты заңбұзушылықтар болған жоқ. Қазіргі уақытта қала кәсіпкерлерін заңнамалық өзгерістермен таныстыру және ескерту шаралары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар бүгінгі күні «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының павильондары өз жұмыстарын қалыпты режимде жалғастыруда. Халық тарапынан ондағы өнімдердің сапасы мен жеткізілуіне қатысты ешқандай наразылық болған жоқ, - деді Өскемен қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Олжас Құдайбергенов.
Кәсіпкерлік бөлімі өкілінің айтуынша, биыл Тұрақтандыру қоры Өскемен қаласын алдағы маусымаралық кезеңде әдеттегіден 500 тоннаға артық көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етпек. Осы себепті, биыл 3200 тонна картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат сияқты көкөніс өнімдерін сатып алу жоспарланған.