Өскеменде автобустардың жартысы экологиялық талаптарға сәйкес келмейді
Өскемен қаласында экологиялық тексерістен өткен қоғамдық автобустардың жартысы ҚР экологиялық стандарттарын бұзғаны анықталды. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы Экология департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Экологтар "Октябрьская" және "Пристань" аялдамаларына тоқтаған дизельмен жүретін автобустарды тексерді. Қаланың негізгі көшелерімен күн сайын жолаушылар тасымалдайтын 20 қоғамдық көліктің 10-ында түтін шығару мөлшері рұқсат етілген нормадан жоғары болған.
Аспаптық өлшеу жұмыстары дизель қозғалтқыштарының экологиялық көрсеткіштерін реттейтін ҚР СТ 1433-2023 ұлттық стандартына сәйкес жүргізілді. Қоғамдық көліктер — адам көп шоғырланатын жерлердегі ауа сапасына елеулі әсер ететін қозғалмалы ластаушы көздер, - деп хабарлады департамент өкілдері.
Экологиялық талаптарды орындамаған автобус иелеріне қатысты заң аясында шаралар қолданылатыны айтылды.
Бұл тексерулер "Таза ауа" экологиялық акциясы аясында жүргізілуде. Акция шілде айының соңына дейін жалғасады. Оның шеңберінде тек автобустар ғана емес, экологиялық нормаларды бұзатын басқа да көлік құралдары тексеріледі.