Өскеменде автобус ішінде бұрыш газын шашқан қыздың ата-анасына айыппұл салынды
Өскемен қаласында қоғамдық көлікте бұзақылық жасаған жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Өскеменде қоғамдық көлікте бұзақылық жасаған 14 жастағы қыз автобус ішінде бұрыш газын шашқан. Полиция бейнебақылау арқылы оны анықтап, ата-анасына 7 АЕК көлемінде айыппұл салды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқиға 28 наурыз күні кешкі уақытта болған. Куәгерлердің айтуынша, автобус ішінде екі кәмелетке толмаған қыз қоғамдық тәртіпті бұзып, өздерін дөрекі ұстаған. Жолаушылардың «тыныш болыңдар» деген ескертулеріне олар мән бермеген.
Автобустан түсер кезде қыздардың бірі ересектерге «өш алу» мақсатында салон ішінде бұрыш газ баллонын шашқан.
Жасөспірімдер бұл әрекеттері жазасыз қалады деп ойлаған. Алайда автобус ішіндегі бейнебақылау камералары олардың жеке басын анықтауға мүмкіндік берген. Соның ішінде нақты кімнің газ баллонын қолданғаны да белгілі болды.
Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, құқықбұзушылыққа 14 жастағы қала тұрғынының қатысы бары анықталған. Жасөспірім заңды өкілімен бірге кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторға профилактикалық әңгімеге шақырылған.
Іс материалдарын қарау қорытындысы бойынша ата-анасы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 435-бабы 1-бөлігі («Кәмелетке толмағанның бұзақылығы») бойынша жауапкершілікке тартылды. Оларға 7 айлық есептік көрсеткіш (30 275 теңге) көлемінде айыппұл салынды, - деп хабарлады облыстық ПД.
Айта кетейік, жолаушылардың айтуынша, бұл қыздар қоғамдық көлікте бұзақылықты алғаш рет жасап отырған жоқ.
Полиция өкілдері ата-аналар мен заңды өкілдер кәмелетке толмағандардың тәрбиесі мен мінез-құлқы үшін жауапты екенін еске салды.