Өскеменде ана мен бала өзенге ағып кете жаздады
Өскеменде полицейлер Үлбі өзеніне ағып кете жаздаған ана мен кішкентай баланы құтқарып қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға 17 шілде күні сағат 14:20 шамасында болды. "102" жедел арнасына қала тұрғыны хабарласып, танысының баласымен бірге өзенге шомылып жүргенін, алайда қатты ағыс олардың өз бетінше жағаға шығуына мүмкіндік бермей жатқанын мәлімдеген.
Дабылға алғаш болып кезекші көмекшісі Олжас Оразов үн қатты. Ол жақын маңдағы патрульдік полиция экипажына дереу хабар беріп, нақты координаттар бойынша оларды бағыттап отырды. Оқиға орнына патрульдік полиция батальоны ротасының командирі Мадияр Мұхамеджанов басқарған №9 экипаж шұғыл жеткен.
Сол сәтте рация арқылы жағдайды естіген Үлбі полиция бөлімінің криминалдық полиция бастығының орынбасары Сұнғат Сейілжанов та оқиға орнына өз бетімен жедел жетіп, бірінші болып суға секірген. Анасы мен баланы ағыс едәуір алыстатып әкеткенімен, офицер оларды қуып жетіп, судың бетінде ұстап тұруға күш салған.
Көп ұзамай Мұхамеджанов қарама-қарсы жағадан жетіп, көмекке қосылды. Алайда қатты ағыс салдарынан олар өз беттерімен жағаға шыға алмады. Құтқарушылар қайықпен келіп, бәрін аман-есен жағаға шығарды.
Жедел әрекет пен кәсіби үйлесімділіктің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік туды. Қазіргі таңда анасы мен қызының жағдайы жақсы, өмірлеріне қауіп төніп тұрған жоқ. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.