Кеше 2026, 12:06 Фото: Өскемен қаласы әкімдігі

Өскеменде адамдар тұрған көпір опырылды: "Самал" саябағы қайта жаңғыртылады

Өскемендегі аспалы көпір құлаған сәтте үстінде сегіз адам болған. Оқиғадан кейін саябақты толық реконструкциялау жоспарланып отыр.

Өскемендегі “Самал” саябағында орналасқан аспалы жаяу жүргіншілер көпірі опырылып құлады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оқиға орнынан түсірілген кадрлар алдымен әлеуметтік желілерде тарады. Куәгерлердің айтуынша, көпір құлаған сәтте оның үстінде адамдар болған.

Көпір үстінде сегіз адам болған

Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға шамамен сағат 20:30-да Карбышев көшесіндегі аспалы жаяу жүргіншілер көпірінде болған.

Ресми дерек бойынша, көпір үстінде сегіз адам, оның ішінде төрт кәмелетке толмаған жасөспірім болған.

Оқиға орнына жедел түрде төтенше жағдай қызметтері мен жедел жәрдем бригадалары келді. Зардап шеккендер дәрігерлердің тексеруінен өтті. Ауыр жарақат тіркелген жоқ, тек сырылған және соғылған жерлері бар, – деп хабарлады әкімдік.

Қазіргі уақытта зардап шеккендердің барлығына қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Жағдай Шығыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының бақылауында.

Алдын ала себеп – балалардың ойыны

Алдын ала мәлімет бойынша, оқыс оқиғаға балалардың көпірді тербетіп ойнауы себеп болуы мүмкін.

Әкімдік мәліметінше, кәмелетке толмағандар көпір құрылымын тербеткендерін мойындаған. Соның салдарынан көпір төсеміне зақым келген.

Көпір жөндеу аяқталғанша жабылады

Қала билігі биыл облыс әкімінің тапсырмасымен “Самал” саябағын қайта жаңғырту жұмыстары жоспарланғанын мәлімдеді.

Жоба аясында аспалы көпірдің құрылымы күшейтіліп, толық жаңартылатын болады.

Жөндеу жұмыстары басталғанға дейін және аяқталғанша тұрғындардың қауіпсіздігі үшін нысанға кіруге шектеу қойылады, – деп атап өтті ведомство.

Тағы оқи отырыңыздар: Өскеменде автобустар лық толы, көпір жетіспейді. Ал енді неге аспалы жол салынбақ? 

ШҚО-дағы жол дауы: Жобалар тоқтап, миллиардтар өндірілді 

600 млн қарыз, 20 жыл жаңармаған жүйе: Өскемен трамвайлары неге тоқырауға ұшырады 

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от ӨСКЕМЕН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ 🇰🇿 (@oskemen_akimdigi)