Өскеменде 50 мыңға жуық бөтелке алкоголь өнімі заңсыз сақталған
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кезекті тексеру барысында Өскемен қаласының көтерме қоймаларының бірінде 49000 бөтелкеден астам мөлшерде өндірушілері мен атаулары әртүрлі алкоголь өнімдерін заңсыз сақтау фактісі анықталды.
Олардың ішінде мынандай атаулары бар алкаголдік өнімдер: (арақтар: «Qulan», «Пшеничная», «Хаома», коньяктар: «Қазақстан», «Sikvaruli», «Грузинский», шараптар: «Алазанская долина», «Мускат» ,«Советское Шампанское»).
Естеріңізге сала кетейік, «Этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» заңға сәйкес этил спирті мен алкоголь өнімін одан әрі көтерме және (немесе) бөлшек саудада өткізу мақсатында сақтау лицензия негізінде жүзеге асырылуы тиіс. Алынған алкоголь сынамалары сараптамаға жіберілді. Тексеру материалдары ШҚО Экономикалық тергеу департаментіне процессуалдық шешім қабылдау үшін тапсырылды, - делінген хабарламада.
Қысқа уақыт ішінде бұл Өскемен қаласында алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымының екінші жағдайы. Сәуір айында тексеру барысында тек сақтау фактісі ғана емес, сонымен қатар алкоголь өнімдерін заңсыз түрде дайындау фактісі анықталған.
Алкоголь өнімдері нарығы субъектілерін тексеру іс-шаралары жалғасып жатыр.