Өскеменде 1971 жылы салынған емханаға алғаш рет жөндеу жүргізілді

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Өскемендегі №1 емханаға барып, күрделі жөндеу жұмыстарының қорытындысымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

2025 жылдың шілде айында басталған жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілді. Халыққа медициналық көмек көрсету тоқтаған жоқ.

№1 емхана - облыс орталығындағы ірі медициналық мекемелердің бірі. Мұнда 66 мыңнан астам тұрғын, оның ішінде 25 мыңнан астам бала тіркелген. Емхана құрамында 423 қызметкер жұмыс істейді, олардың қатарында 80 дәрігер мен 228 орта буын медицина қызметкері бар.

Бұл емхана 1971 жылдан бері алғаш рет күрделі жөндеуден өтіп отыр. Жөндеу барысында инженерлік және электр желілері толық ауыстырылып, жылыту жүйесі, соның ішінде радиаторлар жаңартылды. Сонымен қатар санитарлық тораптар, терезе мен есік блоктары ауыстырылып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілді.

Енді емхананың сырты жаңартылып, аумағы абаттандырылады. Дәрігерлердің таза әрі қолайлы ғимаратта жұмыс істеуі, ал тұрғындардың жылы әрі жайлы жағдайда ем қабылдауы - біздің басым бағыттарымыздың бірі, - деді Нұрымбет Сақтағанов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы