Өскемен ЖЭО-да жаңа турбиналық агрегат салынбақ
«Өскемен жылу электр орталығы» ЖШС-нің әкімшілік ғимаратында №13 стансаға жаңа турбиналық агрегат және №16 стансаға қазандық агрегатын орнатуға қатысты қоғамдық тыңдау өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Altainews.kz-ке сілтеме жасап.
Қоғамдық тыңдауға сала ардагерлері, кәсіпорын мамандары, бірқатар мемлекеттік орган мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
«KEGOC» АҚ-ның 2024-2030 жылдарға арналған болжамды балансына сәйкес, биыл Қазақстан бойынша көлемі сағатына 2,4 миллиард кВт-қа жететін электр энергиясының тапшылығы 2030 жылға қарай сағатына 13,5 миллиард кВт-қа дейін ұлғаймақ. Осыған байланысты елімізде жаңа стансалар салу, сондай-ақ істеп тұрғандарының қуатын арттыру мәселелері пысықталуда. Сондай жобаның бірі Өскемендегі жылу электр орталығында жүзеге асырылмақ.
Өңірді тұрақты электр энериясымен қамтамасыз ету мақсатында «Өскемен ЖЭО» ЖШС №13 стансасына жаңа турбиналық агрегат пен №16 стансаға қазандық агрегатын орната отырып, қуаттылықты арттыру жобасын бастады. Жалпы, №16 стансаға қазандық агрегатын салу қажеттілігі Өскемен қаласы мәслихатының VII сессиясының шешімімен расталғанын айту керек. Сондықтан бұл жобасы болашақтағы қуат тапшылығын жоюдың негізгі қадамы деп бағалаған абзал, – дейді «Өскемен ЖЭО» ЖШС-нің инвестициялық жобалар және күрделі құрылыс жөніндегі директоры Алмас Сүлейменов.
Айта кетейік, 2024 жылғы 6 мамырда «Өскемен ЖЭО» ЖШС мен еліміздің Энергетика министрлігі арасында жалпы құны 140,316 миллиард теңгені құрайтын станцияны жаңғыртуды, реконструкциялауды және кеңейтуді көздейтін инвестициялық келісім жасалған-ды. Жоспар бойынша жоба 2024-2028 жылдар аралығында жүзеге асырылуға тиіс. Қазіргі уақытта «Еуразиялық даму банкі» халықаралық ұйымымен және ҚХР-дың «China Machinery Engineering Group Corporation» мемлекеттік кәсіпорнымен құрылысты қаржыландыруға келісімшарттар жасасу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Жергілікті мамандардың айтуынша, жаңа жобаның артықшылығы көп. Ең алдымен, негізгі жабдықтың тозу көрсеткіші 13,8 пайызға төмендейді. Бұл стансаның сенімділігі мен жылыту маусымындағы жүктемелерге төзімділігін арттыратын болады.