Өскемен мен Талдықорғанды жалғаған республикалық трасса ашылды
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында шығысқазақстандықтар көптен күткен Талдықорған – Қалбатау – Өскемен тас жолындағы құрылыс жұмыстары аяқталып, трасса пайдалануға берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ Altainews.kz-ке сілтеме жасап.
Кеше құрылыс жұмыстарының соңғы кезеңі өткен Ұлан ауданының аумағында күрделі жөндеу көрген тас жолдың салтанатты ашылуы өтті.
Бұл соңғы жылдары жүзеге асырылған ең ауқымды жобаның бірі деп айта аламыз. Оның экономикалық тұрғыдан да маңызы өте зор. Себебі, бұл – еліміздің оңтүстігі мен шығысын жалғайтын трассаның бірегейі. Бұл трассаның ашылуын үш бірдей өңір – Абай, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстарының халқы асыға күтті. Әрине, қиындықтар да болғанын жасырмаймыз. Әсіресе, құрылыс материалдарының тапшылығы, пандемиядан кейінгі қымбатшылық, жер мәселесі сияқты жайттар жұмыстың созылып кетуіне себеп болды. Дегенмен, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында бұл жұмысты да соңына дейін жеткіздік, – дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашев.
Оның айтуынша, тәулігіне шамамен 6-8 мың автокөлік қатынайтын жол ақылы болмақ. Алайда, бұл тек жүк көліктеріне қатысты болуы ықтимал екенін де айту керек. Дархан Иманашев трассаның басым бөлігі екінші санатты, яғни екі жолақты жол болғандықтан, жеңіл көліктерді жол үшін төлемнен босату мәселесі қарастырылып жатқанын мәлім етті.
Ол, сонымен қатар Талдықорған мен Өскемен арасын жалғайтын республикалық маңызға ие жолдың бойында 10 санитарлық-гигиеналық торап, былайша айтқанда жылы дәретханалар пайда болатынын хабарлады.
Белгілі болғандай, Талдықорған – Қалбатау – Өскемен бағытындағы тас жолдың ұзындығы 768 шақырымға жетеді екен. Оның 38 шақырымы – бірінші санатты, яғни төрт жолақты жол. Жоба аясында 745 құбыр, 60-қа жуық көпір салынды. Бұл жұмыстарға 1 800-ден астам техника мен үш мыңға жуық адам жұмылдырылған.
Осы ретте, Шығыс Қазақстанда «Жол жылы» аясында облыстық және республикалық маңызы бар жолдарды қалпына келтіруге ерекше мән беріліп отыр. Мәселен, биыл былтырғымен салыстырғанда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген жолдардың көлемі екі есеге артқан.
Жол экономиканың күретамыры екенін бәріміз білеміз. Сондықтан, облысымызда осындай ауқымды жұмыстың аяқталып жатқаны біз үшін үлкен оқиға. Жалпы, соңғы бірнеше жылда Шығыс Қазақстанда жол бағытына айрықша көңіл бөлінуде. Атап айтсақ, облыс аумағындағы республикалық маңызға ие жолдардың 311 шақырымын жөндеуге 37 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінген. Ал алдағы екі жылда тағы 327 шақырым жол жөндеу көретін болады, – деді облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов.