ОСК: Жалпы елімізде 12 млн-нан астам сайлаушы бар

Бүгін Ақтөбе қаласында Орталық сайлау комиссия төрағасының орынбасары Константин Петров пен комиссия мүшесі Сабила Мұстафинаның қатысуымен көшпелі семинар-кеңес өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

"Ақтөбе газеті" хабарлауынша, іс-шараға қалалық, аудандық сайлау комиссияларының және саяси партиялардың мүшелері, жергілікті билік, БАҚ өкілдері қатысты.

Жиында ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров көшпелі семинар өткізудің мақсаты мен үгіт-насихат жұмысы қалай басталғаны туралы баяндады. Сайлауға дайындалып жатқан барлық облыстағы статистиканы айтып өтті.

Жалпы елімізде 12 032 550 сайлаушы бар. Барлық өңірде сайлау учаскелері бүгіннен бастап өз жұмысын бастады. Осы уақытқа дейін біз Қазақстанның барлық қалаларын аралап, тренингтер өткізіп келдік. Ендігі жоспарымызда үш қала бар, — деді ол.

Сайлау заңнамасына сәйкес шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу мерзімін Орталық сайлау комиссиясы белгілейді.

20 қаңтарда халықаралық байқау институты ашылды. Байқаушыларды аккредиттеу дауыс беруге бес күн қалғанда, яғни 13 наурызда жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00 де аяқталалды.

Бүгінгі таңда 4 халықаралық ұйымнан және 16 шет мемлекеттен 163 байқаушы аккредиттелді, — деді ОСК төрағасының орынбасары.

Одан кейін облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Дәулетияр Тоғызбаев облыстың кезектен тыс сайлауға дайындығы және бүгінге дейін атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Облыстағы сайлаушылардың жалпы саны – 562 653. Ал сайлау тізіміне 562 590 сайлаушы кірді. Дауыс беру күні Ақтөбе қаласында барлығы 15 958 студент болады. Өңірімізде вахталық әдіспен 11 мыңнан астам адам жұмыс жасайды. Сайлау күні 5361 адам жұмыс орнында болады. Оның 435-і өзге өңір азаматтары. Олардың барлығы сайлаушылар тізіміне енгізілді. Ал облыстағы әскери қызметкерлер саны 7 мыңнан асады. Оның 347-сі басқа өңірден келгендер. Олар да өз кезегінде сайлаушылар тізіміне енгізілді, — деп баяндады ол.

Ақтөбе бойынша 525 учаскелік сайлау комиссиясы бар. Дәулетияр Тоғызбаевтың айтуынша, сайлау учаскелері материалдық-техникалық жағынан толық жабдықталған. Барлық учаскеде телефон байланысы, интернет, қажетті техникалар, кеңсе керек-жарақтары бар.

Сайлаушылар ақпарат алғысы келсе, Call-орталықтарына хабарласа алады. Осы күнге дейін аталған орталықтарға 300-ге жуық қоңырау түскен.

Тұрғындар сайлаушылар тізімінде өзін тексеру үшін телеграм-бот жұмыс істеп тұр. Бүгінгі таңда 12 мыңнан астам адам өзін тексеріп үлгерген, — дейді облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары.

Сонымен қатар облыста сайлау құқығы бар 1826 мүгедектігі бар азаматтар тіркелген. Олар үшін сайлау күні облыста 37 инватакси жұмыс істейді. 481 учаске пандустармен қамтамасыз етілген.

Семинардан соң сайлау комиссияларының арасында тренинг ұйымдастырылды. Сайлау өткізудің заңдылығы, бюллетендер қалай берілетіні, азаматтарды қалай есептен шығару керектігі жайында ақпараттар ойын түрінде түсіндіріледі. Шараға қатысқан аудандық сайлау комиссия мүшелері, БАҚ өкілдері арасынан сұрақтар қойылып, пікір алмасты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: aqtobegazeti.kz
Өзгелердің жаңалығы