17 Шілде 2026, 15:31 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

ОСК тағы 16 халықаралық байқаушыны аккредиттеді

Құрылтай депутаттарын сайлауды бақылайтын халықаралық байқаушылардың жалпы саны 76-ға жетті. 

17 шілдеде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттарын сайлауды байқауға тағы 16 халықаралық байқаушыны аккредиттеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сайлау науқаны СІМ ұсынуы бойынша шет мемлекеттер мен халықаралық байқаушыларды аккредиттеу рәсімі жалғасуда. Бұл рәсім Құрылтайға сайлауды дайындау мен өткізу жөніндегі негізгі шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес, 17 тамызда сағат 18:00-де аяқталады, - деп атап өтті ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров.

Ортсайлаукомның мәліметінше, жаңадан аккредиттелген байқаушылар 4 шет мемлекет пен 3 халықаралық ұйымның өкілдері болып саналады.

17 шілдедегі жағдай бойынша Орталық сайлау комиссиясына Сыртқы істер министрлігінен 4 шет мемлекеттен және 3 халықаралық ұйымнан 16 байқаушы аккредитациядан өткізу ұсынылған болатын. Атап айтқанда, ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясы, ҰҚШҰ Парламенттік ассамблеясы, ЕҚЫҰ ДИАҚБ сайлауды байқау жөніндегі миссиясынан байқаушылар бар, - деді Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман.

Осылайша, бүгінгі күнге дейін Қазақстандағы сайлау науқанын бақылау үшін жалпы саны 76 халықаралық байқаушы аккредиттеуден өтті.
Халықаралық байқаушылар сайлау науқанының ашықтығы мен заңнама талаптарына сай өтуіне мониторинг жүргізіп, дауыс беру процесін бақылайды.