18 Тамыз 2026, 15:21 Фото: ©BAQ.KZ/Аида Батухан

ОСК сайлау учаскелеріндегі кемшіліктерді жоюға 23 тамызға дейін уақыт берді

Сайлау учаскелердің талапқа сай жабдықталуын жеке бақылауға алу тапсырылды.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров өңірлердегі сайлау учаскелерінде анықталған кемшіліктерді 23 тамызға дейін толық жоюды тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оның айтуынша, Орталық сайлау комиссиясы барлық өңірге инспекциялық сапарларын аяқтаған. Сапар барысында аумақтық сайлау комиссияларының жұмысы мен сайлау учаскелерінің дауыс беруге дайындығы жан-жақты зерделенген.

Кейбір мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берілді. Ендігі басымдық – белгіленген мерзімде сол тапсырмалардың орындалуын қамтамасыз етіп, анықталған кемшіліктерді толық жою, – деді Нұрлан Әбдіров.

ОСК төрағасы инспекциялық сапарлар кезінде мүгедектігі бар азаматтар үшін сайлау учаскелерінің қолжетімділігіне де ерекше назар аударылғанын атап өтті.

Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы жанындағы жұмыс тобының отырысында көтерілген мәселелер мен ұсыныстар да өңірлердегі комиссияларға жеткізілген.

Осыған байланысты Нұрлан Әбдіров жергілікті атқарушы органдарға мүгедектігі бар азаматтардың сайлау учаскелеріне кедергісіз кіруіне қажетті жағдай жасауды және учаскелердің талапқа сай жабдықталуын жеке бақылауға алуды тапсырды.

Инспекциялық сапарлар барысында айтылған ескертулердің барлығы бойынша 23 тамызға дейін қажетті шаралар қабылдануы тиіс. Дауыс беру күні сайлау учаскелерінде азаматтарға қажетті жағдай жасау мәселесіне ерекше назар аударуды сұраймын, – деді ОСК төрағасы.

Және дауыс беру күні барлық аймақтағы аппарат басшыларына күннің ыстығына байланысты климатты бір қалыпта ұстап тұру шараларын тиімді ұйымдастыруды тапсырды.