ОСК референдумды өткізудің тәртібін бекітті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық референдум комиссиясының отырысында Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров 2022 жылғы 5 маусымға тағайындалған республикалық референдумды дайындау мен өткізудің ұйымдастырушылық аспектілеріне тоқталды.
Ол республикалық референдумға дайындық пен оны өткізу тәртібін 1995 жылғы 2 қарашадағы «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңы айқындайтынын хабарлады.
Конституциялық заңның 20-бабына сәйкес референдумды әзірлеу мен өткізуді референдумның орталық комиссиясының функцияларын орындайтын Орталық сайлау комиссиясы, референдумның аумақтық комиссияларының функцияларын орындайтын аумақтық сайлау комиссиялары, референдумның учаскелік комиссияларының функцияларын орындайтын учаскелік сайлау комиссиялары жүзеге асырады, - деді Петров.
Сонымен қатар ОСК мүшесі республикалық референдум өткізу кезіндегі барлық деңгейдегі референдум комиссиясының өкілеттігі туралы толығырақ түсіндіріп өтті.
Константин Петров республикалық референдумды дайындау мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарының жобасын ОРК қарауына ұсынып, референдумды әзірлеудің әрбір кезеңіне тоқталды.
Аумақтық және учаскелік комиссиялардың құрамы комиссиялардың орналасқан жері мен жұмыс уақыты туралы мәліметтер бұқаралық ақпарат құралдарында 2022 жылғы 15 мамырдан кешіктірілмей жариялануға тиіс (референдум тағайындалғаннан кейін он күннен кешіктірмей). Референдум учаскелерінің шекаралары туралы хабарлар бұқаралық ақпарат құралдарында – 2022 жылғы 15 мамырдан кешіктірілмей жариялануға тиіс (референдум тағайындалғаннан кейін он күннен кешіктірмей), - деді Петров отырыста.
Сонымен қатар үгіт референдум тағайындалғаннан кейін басталып, дауыс берілетін күннің алдындағы күні 00:00 сағатта, яғни 2022 жылғы 4 маусымда сағат 00-00-де аяқталады (референдумның алдындағы күні және референдум өткізілетін күні үгіттеу жүргізуге тыйым салынады).
Республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдеріне әрбір учаске бойынша шешімімен учаске құрылған әкім қол қояды және 2022 жылғы 15 мамырдан кешіктірiлмей (дауыс беру басталғанға дейін жиырма күн бұрын) акт бойынша табыс етіледі. Учаскелік референдум комиссиясы дауыс беру уақыты мен орны туралы азаматтарды 2022 жылғы 25 мамырдан кешіктірмей хабардар етеді (дауыс беру күніне кемінде он күн қалғанда), - дейді ол.
Айтуынша, референдумда дауыс беруді өткізу уақыты, орны, ұйымдастырылуы мен тәртібі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда белгіленген ережелерге сәйкес айқындалады.
Егер дауыс берудің өзге уақыты белгіленбесе, учаскелік комиссиялардың дауыс беру күні қорытынды шығаруы жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жүргізіледі. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда белгіленген қағидаларға сәйкес «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңға қайшы келмейтін бөлігінде учаскеде дауыстарды санауға, әкімшілік-аумақтық бірлікте дауыс беру нәтижелерін анықтауға байланысты мәселелер шешіледі, - деп түсіндірді Петров.
Дауыс беру қорытындылары Орталық референдум комиссиясының отырысында шығарылады, хаттамамен ресімделеді, оған Орталық референдум комиссиясының төрағасы, төрағаның орынбасары, хатшысы мен мүшелері қол қояды және қаулымен бекітіледі.
Осы мәселеге негізінде Орталық референдум комиссиясының «2022 жылғы 5 маусымға тағайындалған республикалық референдумды дайындау мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың Күнтізбелік жоспарын бекіту туралы» қаулысы қабылданды.