ОСК Құрылтай сайлауына тағы 10 халықаралық байқаушыны аккредиттеді
Бүгінде аккредиттелген шетелдік байқаушылардың жалпы саны 86 адамға жетті.
Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы 23 тамызға белгіленген Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына тағы 10 халықаралық байқаушыны аккредиттеді. Осылайша, аккредиттеуден өткен шетелдік байқаушылардың жалпы саны 86 адамға жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тиісті шешім ОСК-ның 21 шілдедегі отырысында қабылданды. Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерманның айтуынша, аккредиттеу Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы негізінде жүргізілді.
ОСК қаулысына сәйкес байқаушы куәліктері төрт мемлекеттің өкілдеріне беріледі:
- Индонезия Республикасынан – 4 адам;
- Малайзиядан – 3 адам;
- Өзбекстан Республикасынан – 1 адам;
- Пәкістан Ислам Республикасынан – 2 адам.
Мұхтар Ерманның мәліметінше, қазіргі таңда Орталық сайлау комиссиясы жалпы 86 шетелдік байқаушыны аккредиттеген.
Қаулы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 20-2-бабына сәйкес қабылданды. Құжаттың орындалуын бақылау Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерманға жүктелді.
Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы 2026 жылғы 23 тамызда өтеді.