ОСК Құрылтай депутаттарын сайлауға партиялық тізімдерді қабылдауды аяқтады
ОСК-ның екінші отырысында үш мәселе қаралады.
Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы 2026 жылғы 23 тамызға белгіленген Құрылтай депутаттарын сайлауға партиялық тізім бойынша кандидаттарды ұсыну кезеңін аяқтады. Бұл туралы ОСК отырысында комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы күн тәртібіндегі мәселелерді қарауға дейін облыстық, Астана, Алматы және Шымкент қалалық аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары, әкім аппараттарының басшылары, сондай-ақ сайлау науқанын ұйымдастыруға жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері қатысқан кеңес өткенін айтты.
Оның сөзінше, кеңес жұмысына прокуратура органдарының, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдардың өкілдері де қатысқан. Сонымен қатар ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының өкілдері шақырылған. Іс-шара Орталық сайлау комиссиясының ресми YouTube арнасында тікелей эфирде көрсетілді.
Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, ОСК-ның екінші отырысында үш мәселе қаралады.
Бірінші мәселе – 2026 жылғы 23 тамызға белгіленген Құрылтай депутаттарын сайлауға кандидаттарды ұсыну қорытындылары. Бұл бойынша Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шаххат Өтемісов баяндама жасайды.
Екінші мәселе алдағы сайлауда мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз етуге арналған. Бұл жөнінде ОСК мүшесі Ләззат Сүйіндік баяндама жасайды.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе – шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу. Бұл бойынша Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман сөз сөйлейді.
ОСК төрағасы атап өткендей, кандидаттарды ұсыну кезеңі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына сәйкес 13 шілде күні сағат 18:00-де аяқталды.
Конституциялық заң талаптарына сәйкес жеті саяси партия Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысу үшін кандидаттардың партиялық тізімдерін Орталық сайлау комиссиясына ұсынды. Орталық сайлау комиссиясы саяси партиялар тапсырған құжаттарды қабылдау жұмысын аяқтады, – деді Нұрлан Әбдіров.
Осылайша, Орталық сайлау комиссиясы 2026 жылғы 23 тамызға белгіленген Құрылтай депутаттарын сайлауға партиялық тізім бойынша кандидаттарды ұсыну кезеңінің аяқталғанын ресми түрде жариялады.
ОСК отырысында кандидаттарды ұсыну қорытындылары шығарылып, мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету және халықаралық байқаушыларды аккредиттеу мәселелері қаралады. Сайлау науқанының келесі кезеңінде ұсынылған құжаттар тексеріліп, заң талаптарына сәйкес кандидаттарды тіркеу туралы шешімдер қабылданады.