ОСК: Халықаралық ұйымдар сайлауалды дайындыққа жоғары баға берді
Халықаралық ұйымдар елімізде 19 наурызда өткен саяси науқанның ұйымдастырылуын жоғары бағалаған. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының отырысында ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Халықаралық ұйымдардың бағалауы бойынша сайлауалды жарысқа қатысушылар белсенді және еркін науқан жүргізді. Азаматтардың ерік білдіруі үшін кешенді жағдайлар жасалды. Мүгедектердің сайлау процесіне қол жеткізуін жеңілдету бойынша бірнеше оң бастамалар іске асырылды. Учаскелерде мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруі үшін қажетті жағдайлар жасалды. Көру қабілеті бұзылған адамдар үшін сайлау бюллетеньдеріне Брайль қарпімен трафареттер жасалып, барлық сайлау учаскелері олармен қамтамасыз етілді, - деп атап өтті Орталық сайлау комиссиясының төрағасы.
Айтуынша, халықаралық ұйымдар сайлауалды дайындық пен дауыс беру күнінің ұйымдастырылуына жоғары баға берген.
Дауыс беру күні сайлауды 81 мыңнан аса ұлттық байқаушы бақылады. Оның ішінде кандидаттардың 38 981 сенімді өкілі, саяси партиялардың 19 мың байқаушысы, 252 аккредиттелген қоғамдық бірлестіктің 23 383 байқаушысы мен халықаралық ұйымдардан 793 байқаушы қатысты, - деп нақтылады Нұрлан Әбдіров.
Айта кетейік, бүгін Мәжіліске өткен партиялар тізімі белгілі болды.