«Байтақ» саяси партиясы Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысу үшін Орталық сайлау комиссиясының шотына 41,9 млн теңге көлемінде сайлау жарнасын аударды. Бұл туралы ОСК мүшесі Михаил Бортник брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Михаил Бортник саяси партиялардың сайлау жарнасын төлеу тәртібі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 88-бабымен реттелетінін еске салды.
Оның айтуынша, кандидаттардың партиялық тізімін ұсынған саяси партиялар Орталық сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасын аударуға міндетті. Оның мөлшері партиялық тізімге енгізілген әрбір кандидат үшін 15 айлық есептік көрсеткішті (АЕК) құрайды.
Сонымен қатар, заңнамада бұл талапқа қатысты жеңілдіктер де қарастырылған.
Алдыңғы сайлауда сайлаушылардың бес және одан да көп пайыз дауысын жинаған саяси партиялар сайлау жарнасын төлемейді, – деп түсіндірді Бортник.
Оның айтуынша, «Байтақ» партиясы алдыңғы сайлауда сайлаушылардың 2,3 пайыз дауысын жинаған. Осыған байланысты партия белгіленген сайлау жарнасының 70 пайызын төлеуге міндетті болды.
“Байтақ” партиясының партиялық тізіміне 47 адам енгізілді. Әрбір кандидат үшін 892 500 теңгеден төленді. Жалпы сайлау жарнасының көлемі 41 947 500 теңгені құрады. Бұл қаражат Орталық сайлау комиссиясының шотына толық аударылды, – деді ОСК мүшесі.
Орталық сайлау комиссиясында сайлау жарнасын төлеу кандидаттардың партиялық тізімін тіркеудің міндетті шарттарының бірі екенін атап өтті. Ұсынылған құжаттарды тексергеннен кейін ОСК 2026 жылғы 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауына әрбір саяси партияны тіркеу туралы шешім қабылдайды.