ОСК басшысы Сэид Шейх Сэид Шарифпен кездесті
Бүгін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров ИЫҰ Бас хатшылығы саяси департаментінің елшісі Сэид Шейх Сэид Хассан Шариф бастаған Ислам ынтымақтастығы ұйымының делегациясымен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ОСК басшысы Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына әзірлік пен өткізу барысы туралы мәлім етті.
Депутаттыққа кандидаттарды тіркеу қорытындылары туралы қысқаша айтып берді, сондай-ақ кандидаттарды тіркеудің барлық рәсімдері конституциялық нормаларға сәйкес жариялылық және ашықтық қағидаттарында жүргізілгенін атап өтті.
Сайлау комиссиялары азаматтардың конституциялық құқықтарын іске асыру үшін қажетті шаралар қабылдады.
Нұрлан Әбдіров Ислам ынтымақтастығы ұйымының делегациясы еліміздегі сайлау процестерін байқауға бірінші рет қатысып отырғанын мәлімдеді.
Ол сондай-ақ халықаралық байқаушыларға олардың шақыртуға жауап беріп, сайлау процесіне мониторинг жүргізу үшін Қазақстанға келгендері үшін алғысын білдірді.
ОСК басшысы сайлау комиссиялары сайлаудың ұлттық заңнамаға және халықаралық стандарттарға сәйкес өтуі үшін барлық шараларды қабылдап жатқанын айтты.