12 Тамыз 2026, 15:27 Фото: ©BAQ.KZ / Мақпал Орынбек

ОСК: 12 өңірдегі сайлау учаскелерінің дайындығы тексерілді

Қалған өңірлердегі сайлау учаскелерінің дайындығын тексеру жұмыстары да жалғасады.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық аясында ОСК мүшелері еліміздің 12 өңіріндегі сайлау комиссияларының жұмысын тексергенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында Нұрлан Әбдіров сайлауға дайындық жұмыстарының барысына тоқталды. Оның айтуынша, өткен аптадан бері ОСК төрағасы мен комиссия мүшелері өңірлерге жұмыс сапарымен барған.

©BAQ.KZ / Мақпал Орынбек

Бүгінгі күнге дейін еліміздің 12 өңіріне барып, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының жұмысымен, дауыс беру учаскелерінің материалдық-техникалық дайындығымен, инфрақұрылымдық және ақпараттық қамтамасыз етілуімен жан-жақты таныстық. Осы сапарлар барысында нақты тапсырмалар берілді. Ендігі міндет – оларды уақтылы орындап, дайындық жұмыстарын белгіленген мерзімде толық аяқтау, – деді Нұрлан Әбдіров.

ОСК төрағасы қалған өңірлерге жұмыс сапарлары жалғасатынын айтты.

Әр сайлаушыға жеке шақыру қағазы жеткізіледі

Нұрлан Әбдіров сайлаушыларды дауыс беру күні, уақыты мен орны туралы алдын ала хабардар етуге ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті. Осыған байланысты сайлау комиссияларына әрбір сайлаушыға жеке шақыру қағазын жеткізу жөнінде тапсырма берілген.

Біз өткен отырыстарда барлық сайлау комиссияларына дауыс беру күні, уақыты мен орны туралы сайлаушыларды уақытылы ақпараттандыру және хабарландыру мәселесіне ерекше назар аударып, әрбір сайлаушыға жеке шақыру қағазын жеткізу жөнінде нақты тапсырмалар берген болатынбыз. Бұл – әрбір сайлау науқанында тұрақты жүргізілетін маңызды жұмыстардың бірі, – деді ОСК төрағасы.

Отырыста сондай-ақ жекелеген сайлау учаскелерінде дауыс берудің басталу және аяқталу уақытын белгілеу бойынша атқарылған жұмыстар қаралды. Осы бағыттағы дайындық туралы аумақтық сайлау комиссиялары төрағаларының есептері тыңдалды.

Айта кетейік, ОСК отырысының күн тәртібіне 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауға қатысты үш мәселе шығарылды. Оның ішінде сайлаушыларды дауыс беру уақыты мен орны туралы ақпараттандыру, сайлау алдындағы телевизиялық сайысты ұйымдастыру және шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу мәселелері бар.