Осакаровкада ереже бұзған көлікті қоятын айыппұл тұрағы ашылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Осакаровкада ұсталған көліктерді сақтауға арналған алғашқы мамандандырылған тұрақ ашылды, деп хабарлайды Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайты.
Айыппұл тұрағы ауылдың шығаберісінде орналасқан және 30-дан астам ауыр жүк көлігін орналастыруға болады. Онда сот шешіміне дейін жол қозғалысы ережесін өрескел бұзғаны үшін ұсталған автокөлік сақталады.
Болашақта көлік құралын қайтару үшін жүргізуші айыппұл төлеп, машинаны қайтаруға рұқсат алуы керек.
Жыл басынан бері Осакаров ауданында Қарағанды облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясымен рейдтер жүргізілді, оның барысында көліктік заңнаманы бұзу бойынша 40 дерек анықталды. Тәртіп бұзушыларға қатысты 4 миллион теңгеден астам сомаға әкімшілік материалдар толтырылып, қайта тиегені үшін 160 мың теңгеден астам сомаға республикалық бюджетке алым өндірілді. Айыппұл тұрақтарын ашу автожолдарды сақтау жоспары аясында жүзеге асырылуда. Мұндай тұрақтар Жезқазған мен Теміртауда пайда болды, енді Осакаров ауданында да ашылды, - дейді Қарағанды облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының автомобиль көлігіндегі бақылау бөлімінің басшысы Ермек Жақыпов.
Бұған дейін көліктік бақылау инспекторлары әкімшілік өндірісті қамтамасыз ету мақсатында арнайы рұқсат алу немесе бұзушылық себептерін жою үшін машинаның жанында тұруға мәжбүр болған. Қазір бұл процедура жеңілдетілуде. Егер көлік құралын айыппұл тұрағына орналастыру көзделген бұзушылықтар анықталса, машина оған қойылады, ал көліктік бақылау кешені өз жұмысын жалғастырады.
Айта кету керек, биыл Осакаровкада «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 54 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жол белгілері орнатылды.