ҰОС-на қатысқан қазақ офицерлерін түгендейтін кез жетті – сенаторлар
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенат отырысында депутаттар Қазақстан Республикасының қорғаныс министрі Н.Б. Ермекбаевқа депутаттық сауал жолдады.
Депутаттық сауалда Екінші дүние жүзілік соғыс барысында шет мемлекеттерде ерлікпен шайқасқан қазақ офицерлеріне қатысты ақпараттарды еліміздің дипломатиялық елшіліктерімен бірге зерттеу жұмыстарын жүргізу керектігі айтылған.
Екінші дүниежүзілік соғыс, оның ішінде 1944 жылғы Петсамо-Киркенес операциясы және Норвегияның солтүстігін азат ету кезінде - норвег жерінде, тұтқында 15 500 кеңес жауынгерінің өмірі қиылған. Бүгінге дейін Норвегия зерттеушілері 9 мыңнан астам шет ел жауынгерлерінің аты-жөндерін анықтады. Сол елдегі әскери зираттар саны 124 жетіп отыр. Норвегия жерінде тұтқында болған шет елдік жауынгерлердің аты-жөндерін сәйкестендірумен "Falstad Center" (бұдан әрі – Орталық) айналысады. Олар Ресей және Германия мемлекетімен тығыс байланыста. Орталықтың Норвегия мемлекетіндегі Қазақстан елшілігіне берген ақпараты бойынша норвегия жерінде 32 қазақ офицері жерленген, - делінген депутаттық сауалда.
Сонымен қатар, депуттаттар Қазақстан елшілігі Орталықтың ақпараттық базасымен ары қарай жұмыс жасай отырып қосымша 13 қазақ жауынгердің аты-жөндерін анықтағаны айтылды.
Тұтқында болған көптеген офицерлер өздерінің туған жерлерін Кеңес үкіметі деп көрсеткен. Сол себепті зерттеу жұмыстарын әскери тарихшылар мен тиісті мамандармен бірге жүргізсе, анықталатын ақпараттардың көптігі сөзсіз. Ол жауынгерлер Хьётта аралында жерленген. Қорғаныс министрлігінің "Мемориал" ақпараттық базасында қазақ офицерлері туралы кездеспеген мағлұматты Ресей мемлекетінің ақпараттық базаларынан аламыз. Осыған сәйкес алдағы уақытта Қорғаныс министрлігі осы мәселе бойынша өзге елдермен өзара ақпарат алмасуды сапалық жаңа биікке көтеруі керек деп санаймыз, - дейді депуттаттар.
Олардың айтуынша, Ұлы отан соғысының 75 жылдығын тойлау қарсаңында Екінші дүние жүзілік соғыс барысында ерлікпен шайқасқан шет мемлекеттердегі қазақ офицерлеріне қатысты ақпараттарды еліміздің дипломатиялық елшіліктерімен бірге зерттеу жұмыстарын жүргізуді, анықталған ақпараттарды бір ақпараттық кеңістікке үйлестіруді және оны жастарға патриоттық тәрбие ретінде түрлі ақпарат көздерінде таратуды қарастыру керек.
Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес депутаттық сауалды қарап, нәтижесі бойынша заңмен белгіленген мерзім ішінде жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз, - делінген депутаттық сауалда.