Орыстар қазақтарға бір-бірінің үстінен арыз жазуды үйреткен. Тарихшы қуғын-сүргін себептерінің бірін атады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов «Желмая» жобасында одақ тұсында Орталық Азияда қуғын-сүргінге ең көп қазақ халқының ұшырауының себебін атады.
Біз әлі күнге қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың санын толық анықтаған жоқпыз. Әр түрлі болжамдар айтылады: 103 мың, 120 мың дегендей. Соның ішінде 25 мыңы атылған деген деректер бар. Ал сотсыз қудаланған, өлтірілген, атылған, көтеріліске қатысып, бүгінгі күнге дейін аты-жөні белгісіздер қаншама?! Сондықтан «25 мыңы атылды» дегені бер жағы. Президент жанында комиссия құрылды. Сол комиссия нақты санды анықтауы керек, - дейді Зиябек Қабылдинов.
Оның айтуынша, Орталық Азияда ең көп қасіретті қазақ халқы тартқан.
КСРО құрамында болған Орталық Азиядағы 5 республиканың төртеуінде қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың саны 120 мың жобасында. Яғни Қазақстан секілді Орталық Азияда мұндай қасіретті ешкім тартпаған. Менің есебім бойынша Қазақстанда 120 мың адам қуғын-сүргін құрбанына айналды. Екінші орында қырғыздар - 39 мың адам, - дейді тарихшы.
Қазақтарды бір-бірінің үстінен арыз жазуға XIX ғасырда патшалық Ресей әдейі үйреткен деп отыр.
Бұған менталитетіміздің ерекшілігі бар, еркіндікті аңсаған, ешқашан құлдықты көрмеген халықпыз. XIX ғасырдың басында қазақ даласы байларға толы болды. Шоқан Уәлиханов қазақтар еркін әрі өте бай деп жазған. Бір-біріне құл болмаған халық XX ғасырда Кеңес одағының озбырлығына ұрынды. Ресей империясының тұсында қазақтарды бір-бірінің үстінен арыз жазуға үйретіп кетті. Төрелер мен қарапайым халықты бір-біріне қарсы қоюуға тырысты. Сөйтіп 600 жыл елімізді басқарған төрелерді биліктен ығыстырды, - дейді Зиябек Қабылдинов.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
КВИ мен пневмонияға шалдыққан 162 науқастың жағдайы өте ауыр
Өзгелердің жаңалығы