Орысшаға қарсы бола бергенше, қазақша үйретудің әдісін табу керек - Баян Ахатай
ҚХА республикалық Аналар кеңесінің мүшесі Баян Ахатай осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұлттың ұйысуы дамудың басты бағдары. Әлеуметтік желіде наразылыққа ұласқан тіл мәселесі мені де толғандырмай тұрмайды. Мемлекет басшысы қазақ тілін де, орыс тілін де жетік меңгеруі балаларға тек пайдасы тиетіндігін айтты. Бұл орайда орыс тіліне қарсылық таныта бергеннен гөрі, қазақ тілін үйретудің сапалы әдіс-тәсілдерін ойластыру тиімді. Этносаралық қатынастардың үйлесімді дамуының бастауы да дастархан басынан басталады, - деді спикер жиында.
Оның айтуынша, әралуандылығымызды араздыққа емес, ауызбірлікке жұмылдыруымыз үшін әр қазақстандық қызмет етуі керек.
Сонымен қатар, қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналдыру әр қазақстандықтың азаматтық парызы дер едім. Мемлекет басшысының «Мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді, болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс» деген сөзін отбасынан бастап жұмсақ насихаттап отырсақ, біздің туған тілімізге нағыз қызметіміз сол болмақ. Ана тілін ардақтай жүріп, әлем тілдерін меңгерсе балаларымыз ұтпаса - ұтылмайды. Бұл нәзік мәселеге тереңінен үңіліп, ел бірлігін сақтай отырып, тілімізді тұғырлау жағын жасауымыз қажет, - деп мәлімдеді Баян Ахатай.
Еске сала кетейік, бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.