Орыс тіліне тыйым салған жоқпыз, тек қазақ тілін міндетті түрде қолдану керек – Абаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда сыртқы жарнамаларда орыс тілін қолдануға тыйым салынбайды. Бірақ ақпаратты қазақ тілінде дұрыс жазу міндеттеледі. Бұл туралы ҚР Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев «Ашық диалог» бағдарламасында айтты.

Тележүргізуші Александр Трухачев сұхбат барысында спикерге сыртқы (көрнекі) жарнамаларда мемлекеттік тілді қолдану міндеттелетін заң жобасы жайлы сұрақ қойды. Дәурен Абаев бұл мәселеге қатысты теріс түсінік қалыптасқанын айтып, мән-жайды толығырақ баяндады.

Кейбір ресейлік БАҚ беттерінде заң жобасы туралы ақпарат бір жақты жазылған. Тіпті манипуляция түрінде деп айтар едім. Мысалы, кей ақпараттардың тақырыбында «Қазақстанда орыс тілін сыртта қолдануға тыйым салады» деп жазылған. Бұл сыртқы жарнамаларда орыс тіліне тыйым салатын заң қабылдағандай болып көрінді. Ең өкініштісі, адамдар қате тақырыпты оқыған соң, жаңалықты әрі қарай оқымайды. Бір ғана қате тақырыпқа қарап, олардың пікірі қалыптасады. Шын мәнінде, орыс тіліне ешкім тыйым салған жоқ. Біз тек қазақ тілін міндетті түрде қолдану керек екенін айттық, - деді ол.

ҚР Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары бұл мәселенің неге өзекті болғанын түсіндіріп, қазақ тілінің дұрыс қолданылуы бақылауға алынатынын айтты.

Егер жарнама екі немесе үш тілде жазылса, ешқандай мәселе туындамайды. Депуттарымыз неге бұл мәселені көтеріп отырғанын білесіздер ме? Өйткені, сыртқы жарнамалар, дәмханалардағы ас мәзірі қазақ тілінде жазылмайды немесе қате жазылады. Ғаламторда қазақ тіліндегі тіркестердің калька аудармаларын күлкіге айналдырған мемдер өте көп. Нәтижесінде түсініксіздік пайда болды. Сондықтан заң жобасында сөздердің мағынасына қарай  дұрыс аударылуын және орфографиялық нормаларды қолдану талаптары көрсетілген. Бүгінде орыс тілінің сыртқы жарнамаларда қолданылуына қатысты проблема жоқ. Ал қазақ тілінде, өкінішке қарай, бар. Біз бұл мәселені шешуіміз керек. Мемлекеттік тілді қолдануды сапалы түрде бақылауды жүзеге асырамыз. Сондықтан орыс тілін шеттету туралы сөз қозғалған жоқ. Біз тек мемлекеттік тілді сапалы әрі дұрыс қолдану мақсатында және оны құрметтеу үшін күресіп жатырмыз, - деп мәлімдеді Дәурен Абаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы