"Орындарыңды босатыңдар!" – тұрғындар жолдың жырын айтып шаршады

Атырау облысы Махамбет ауданына қарасты Талдыкөл ауылының тұрғындары жол тауқыметін тартып отыр. 1200 ден астам халықтың ауылға кіріп шығуы соңғы уақытта мүлдем қиындаған. Ауылға апарар жалғыз жолда көлік апаты да көбейді деп ашулы жұрт, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Талдыкөл ауылы Атырау қаласынан небәрі 23 шақырым жерде. Шаhарға тиіп тұрса да ондағы жұрт жол азабынан шаршаған. Ауылдың кірме жолындағы жөндеу басталмай жатып тоқтап қалған. Былтыр көктемгі тасқын суы шайғасын жағдай тіптен қиындапты.

Былтыр Талдыкөл су қоршауында тұрды. Кірме жолды су шайды. Айналадағы елдімекендермен, облыс ортаығымен қатынас үзілген еді. Халық екі ортаға маторлы қайықпен қатынады. Кейін желді күндері мүлдем шыға алмай қалдық. Халықты да, малды да қауіпсіз аймаққа көшірді. Кейін жауаптылар бір көлік сиятындай мына жолды реттеп қойды. Бірақ ол жаңбыры күндері қауіп қатер туғызып, біздерге жолды қайтадан салуға тура келді. Көлікпен де жүре алмай қалдық. Былтыр желтоқсанда кірме жолды мердігер компаниялардың бірі бастап салды. Бүгінге дейін әлі еш нәтиже жоқ. Сол қиындықпен кіріп-шығып жүрміз,-дейді Талдыкөл ауылының тұрғыны Сансызбай Сүйесінов.

Қараша 7 шақырымға жетер-жетпес жолда көлік апаты көбейгенін айтады. Проблеманы талай мәрте жауаптыларға жеткізген. Бірақ естір құлақ жоқ деп ашынады. Әкім-қаралар халық игілі үшін жұмыс істемесе, берілген уәде орындалмаса, жылы орындарын босатсын дейді.

Бұл проблема 10 жылдан бері келе жатыр. Басты мәселе осы. Жол десе төбе шашымыз тік тұрады. Осы жолда 4 автокөлік аударылды. Міне полиция қызметкерлері тұр, солар куә. Қанша тұрғын үй салып жатыр, шаруашылығымен айналысып жатыр, балалар бәрі осы ауылымызды гүлдендіруге тырысып жатыр. Бірақ жол болмаса, ештеңе болмайды. ПГС өзіміздің Индер ауданынан шығады. Қиыршық тас Ақтөбеден әкелінсін. Асфальт өзіміздің Атыраудан шығады. Қандай проблема? Біз соны түсінбейміз. Үкіметке жеткізе алмаймыз. Президентіміз айтқан, тыңдайтын үкімет, тыңдайтын мемлекет болу керек. Қайда? Неге тыңдамайды? Қолдарынан келмесе жүре берсін. Орындарын босатсын,-дейді тұрғын Рустембек Асилов.

Бұл ауылдың кірме жолын жөндеу негізі 2023 жылы басталған. Алғашында мердігер компания жолдың беткі қабатын ғана тегістеп, реттеп береміз деп ойлаған. Бірақ жұмыс барысында жолдың астыңғы қабаты жарамайтынын анықтаған. Беріктігіне күмән келтіргесін, жобаны қайта жасау керектігін жеткізген. Әкіміктегілер де соған кірісіпті. Бірақ жұмыс ұзаққа созылды.

 Жалпы жоба дайын тұр. Бұл қайта түзетілген жобасы. Облыстық бюджеттің комиссиядан өту керек. Бізге айтуы бойынша осы алдымыздағы аптада комиссия шешімін шығарып береді бұйырса. Сосын жұмыс басталады,-дейді аудандық ТҮКШ автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асылхан Шакимов

Мердігер компания өкілдері әу баста бөлінген ақшаға тиесілі жұмысты аттқарғандарын айтады. Алайда қазір ешқандай қаржыландыру болмағасын құрылыс тоқтап тұр. Бірақ шу шығып, БАҚ өкілдері келгенде бірер техникасын жұрт алдына әкеліп, жұмыс істеп жатқан сыңай танытты мердігер компания өкілдері.

Мен осы жердегі учаске бастығымын. 2023 жылы бөлінген ақшаға, арғы бетте 1 шақырымнан астам жерге асфальт төседік. Су өткізгіш құбыр салдық. Қазір барымызша өзімміз жүрміз. Енді жоба шықсын, ақша бөлінсін. Жұмысты бастап кетуге біз дайынбыз,-дейді мердігер компания өкілі Арғын Айтқалиев.

Бұл онсыз да биліктегілердің қылығына ызалы көпшіліктің ашуын туғызды. Тұрғындар жауаптыларды жағадан алды. Тез арада 7 шақырым ғана болатын жолды жөндеп беруді талап етті. Үніміз үкіметтегілерге жетсе дейді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы