Орын алған олқылықтарды көріп отырмыз - Жеңіс Қасымбек
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің парақшасында облыста коронавируспен күрес шаралары қалай жүргізіліп жатқанын айтты.
Қазіргі уақытта біз күн сайын ауруханалар мен дәріханалардың, жедел жәрдем қызметінің жұмысы бойынша көптеген шағымдарды алудамыз. Жедел жәрдем қызметі тәулігіне 2000-нан астам қоңырауларды қабылдайды. Наурыз айынан бастап тәулік бойы жұмыс істей отырып, біздің дәрігерлер қиын жағдайға ұшыраған пациенттерге көмектесу үшін барлық мүмкіндіктерді жасауда. Өкінішке қарай, қазіргідей күрделі жағдайда әрбір пациентке көп уақыт бөлу мүмкін болмай отыр. Бұл ретте мен дәрігерлеріміздің эмоцияға беріліп, болмаса түсініспеушілік жағдайлар орын алған болса сіздерден кешірім өтінемін. Біз орын алған олқылықтарды көріп отырмыз, - дейді Жеңіс Қасымбек.
Ол сондықтан қазіргі уақытта жұмысты жолға қою үшін тиісті шаралардың бәрін жасап жатқанын айтты.
Қазіргі уақытта облыста 20 инфекциялық нысан жұмыс жасайды. Оның ішінде 13 пульмо-провизорлық және 7 карантиндік нысан бар. Бұл 3650 төсек орын. Сондай-ақ қуаты 1 000-нан асатын төсек орны бар тағы 11 нысан резервте тұр. Мысалы, Қарағанды медицина университеті өз жатақханаларының бірінде инфекциялық стационарды ашты. Азаматтардың денсаулығы үшін жауапкершілікті сезіне отырып, ЖОО осы жылы жөндеу жұмыстарын жүргізуден бас тартып, аталған нысанды облыстың денсаулық сақтау саласының қажетіне берді. Сонымен қатар, қатаң карантин кезеңінде университет өзінің клиникасы мен кәсіби денсаулық клиникасы базасында екі провизорлық және бір карантиндік стационарды ашты. Қазіргі уақытта осы стационарларда жұмыс істеп жатқан барлық педагогикалық құрамға және ерікті студенттерге алғыс білдіреміз, - дейді Қарағанды облысының әкімі.
Ол сондай-ақ 167 өкпені жасанды тыныс алдыру аппараты жұмыс істейді. Қосымша тағы 15 аппарат пен 636 оттегі концентраторлары сатып алынуда. Облыста 16 компьютерлік томография, оның ішінде тәулік бойы жұмыс істейтін кабинеттер бар деп отыр.
Үш ПЦР-зертхана тәулігіне 2 300 талдау жүргізеді. Шілде мен тамыз айларында екі зертхананың ашылуы күніне 4 мың зерттеуді жүргізуге мүмкіндік беретін болады. Жедел жәрдем қызметі бойынша сын-ескертпелер болды. Қазіргі уақытта желіге қосымша 21 жедел жәрдем бригадасы шығарылды. Бұл қызметтің жеделдігін арттыруға мүмкіндік берді. Шақыртуларға барлығы 122 көлік шығады. Сондай-ақ жедел жәрдемде жаңа call-орталық пайда болды. 103 номерінен басқа (8-7212) 56-60-10 номері немесе тәулік бойы жұмыс жасайтын 8 701 351 38 96 номеріне қоңырау шалуға болады, - дейді Жеңіс Қасымбек.