ШҚО-да тұрғындар өртке қарсы қауқар танытатын 23 құрылым құрды

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Сәуір айы басталғалы бері облыс аумағында 41 дала өрті тіркеліп, 696 гектар аумақты қызыл жалын жалмаған.

Бұл туралы бүгін Шығыс Қазақстан Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында ШҚО ТЖД басшысының міндетін атқарушы Қанат Әбділов хабарлады.

Жауапты тұлғаның айтуынша, аталған уақыт аралығында Бесқарағай ауданында 2,2 гектар аумаққа жайылған бір орман өрті орын алған. Орман өртінің негізгі себептері - найзағай түсуі және дала өртінің мемлекеттік орман қорлары аумағына жайылып кетуі. Болған 41 орман өртінің тек екеуін ғана жергілікті атқарушы органдар өз күштерімен сөндіріп алса, қалғаны облыстық ТЖД өртке қарсы қызметінің көмегімен ауыздықталған. Бұдан бөлек, өңірдің ормандарын өрттен қорғауға "Казавиалесохрана" РМК-сы да атсалысады. Бүгінгі таңда аталмыш ұйымның қарамағында 8 әуе техникасы, жеті бақылаушы-ұшқыш пен 40 өрт сөндіуші-десанты бар.

Қазіргі уақытта облыстағы құтқарушылар қатарында 2211 адамнан тұратын жеке құрам мен 452 техникасы бар. Соңғы 3 жыл көлемінде жергілікті атқарушы органдардың орман шаруашылықтарының өртке қарсы техникамен және құрылғылармен жабдықталуы 63%-ға жеткізілді. Биылғы жылы өртке қарсы 96 техника мен 3700-ден астам құрылғы дайындық қалпына келтірілді. Сонымен қатар, облыс аумағында тұтанған өрттерді ауыздықтауға қарсы қауқар танытатын жергілікті тұрғындардан, шаруа қожалықтарынан және орман қолданушыларынан тұратын 23 ерікті құрылым құрылды. 2000 адамды топтастырған бұл құрылымдарда 214 трактор мен 213 автокөліктері бар, - деді Қанат Әбділов.

Сондай-ақ, ол Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы өңіраралық ынтымақтастық аясында биылғы жылдың маусым айында Семей орманы аумағында екі елдің бірлескен оқу-жаттығу өткізуді жоспарланып отырғанын атап өтті. Бұдан бөлек, ол өрт сөндіру бекеттерін орнатудың да маңыздылығын ескертті. Өйткені, мемлекеттік өрт сөндіру қызметі дала өртін өшіру кезінде елді мекендер қорғансыз қалып жатады. Сол себепті, биыл өңірде осындай 15 өрт сөндіру бекетін орнату жоспарланып отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы