11 Қыркүйек 2026, 07:30 Фото: ТЖМ

Өртке дайын емес үйлер: Сарапшы тұрғын үй кешендеріндегі басты проблемаларды атады

Соңғы уақытта тұрғын үй кешендерінде өрт шығу оқиғалары жиілеп кетті. Сарапшылар мұны тек тұрмыстық себептермен ғана байланыстырмайды. Олардың айтуынша, өрттің қаншалықты қауіпті болатыны құрылыс сапасына, инженерлік жүйелердің жұмысына және үйді басқару деңгейіне тікелей байланысты. QazExpertClub-тың құрылыс және жылжымайтын мүлік жөніндегі сарапшысы Диляра Сейтнурова BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында тұрғын үйлердегі өрттердің жиілеуіне бір ғана себепті кінәлау дұрыс емес екенін атап өтті. 

Өрттің шығуы бір басқа, оның салдары бір басқа

Сарапшының айтуынша, өрттің өзі көбіне тұрмыстық себептерден басталады.

Көп жағдайда өрт электр сымдарының ақауынан, электр желісіне шамадан тыс жүктеме түсуінен, қуаттағыш құрылғылардан немесе істен шыққан тұрмыстық техникадан пайда болады. Бірақ қайғылы жағдайдың ауқымын басқа факторлар анықтайды, – дейді Диляра Сейтнурова.

Оның сөзінше, ең алдымен құрылыс сапасы маңызды рөл атқарады. Егер ғимараттың желдетілетін қасбетінде жанғыш жылуоқшаулағыш материалдар қолданылса, жалын бірнеше минуттың ішінде бүкіл үйге таралуы мүмкін.

Өртке қарсы арақашықтықтардың сақталмауы, құрылыс барысында жобада қарастырылған шешімдердің арзан баламалармен ауыстырылуы да қауіп деңгейін арттырады. Соның салдарынан бір пәтердегі шағын өрт тұтас үйді шарпуы ықтимал, – дейді сарапшы.

Сонымен қатар инженерлік жүйелердің де маңызы зор. Өрт дабылы, түтінді шығару жүйесі мен тұрғындарды ескерту тетіктері уақытында іске қосылмаса, адамдар өрт туралы кеш біледі.

Көп жағдайда адамдарды жалын емес, түтін өлтіреді. Сондықтан түтінді шығару және ескерту жүйелерінің дұрыс жұмыс істеуі аса маңызды, – дейді ол.

Үй пайдалануға берілгеннен кейін қауіпсіздік әлсірейді

Сарапшының айтуынша, көпқабатты үйлердегі ең әлсіз тұстардың бірі – басқару мәселесі. Меншік иелері бірлестіктері мен басқарушы компаниялар өртке қарсы жүйелердің жұмысын қамтамасыз етуге міндетті болғанымен, тәжірибеде бұл талап әрдайым орындала бермейді.

Кейде жалған дабылдар жиі қосылады деген себеппен өрт дабылы жүйелері өшіріліп тасталады. Эвакуация жолдары әртүрлі заттармен толтырылады. Түтін кірмейтін баспалдақтарға шығатын есіктер бұғатталады. Нәтижесінде үй пайдалануға тапсырылған кезде барлық талапқа сай болғанымен, арада екі жыл өткен соң өртке дайын емес жағдайға түседі, – дейді Диляра Сейтнурова.

Оның айтуынша, өрт белгілі бір пәтерден басталғанымен, адам шығынына көбіне ғимараттың дайын еместігі себеп болады.

Өрт пәтерден басталады. Бірақ адамдар өртке дайын емес үйдің кесірінен көз жұмады, – дейді сарапшы.

Үйлерді қабылдау жүйесінде қандай кемшіліктер бар?

Диляра Сейтнурованың айтуынша, Қазақстанда өрт қауіпсіздігіне қатысты бақылау жүйесі заң жүзінде қалыптасқан. Бұл бағыттағы негізгі құжаттар – «Азаматтық қорғау туралы» заң және 2021 жылы бекітілген «Өрт қауіпсіздігіне қойылатын жалпы талаптар» техникалық регламенті.

Жаңа нысан пайдалануға берілер кезде оны мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы қабылдайды. Ал өрт қауіпсіздігі бөлігін Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Өртке қарсы қызмет комитеті тексереді. Инспекторлар ғимараттың келісілген жобаға сәйкестігін қарайды. Алайда сарапшы жүйеде бірнеше маңызды кемшілік бар екенін атап өтті.

Бірінші мәселе – қабылдау кезінде нысанның болашақтағы пайдаланылуы емес, тек жобаға сәйкестігі тексеріледі. Яғни үй тапсырылған күні барлық жүйе жұмыс істеп тұрады. Бірақ бір жылдан кейін оның жағдайы қандай болатынына жүйе жауап бермейді, – дейді ол.

Сондай-ақ пайдалануға берілгеннен кейін тұрғын үйлердің көпшілігі тұрақты бақылаудан тыс қалып қояды.

Тұрғын үй қорына жүргізілетін жоспарлы тексерулер аз. Бұған қоса инспекторлардың жүктемесі жоғары және адами фактор да бар. Кейін жүйелерге қызмет көрсету жауапкершілігі тұрғындарға өтеді. Алайда олардың бәрінде бірдей қаржы да, қажетті біліктілік те жоқ, – дейді сарапшы.

Оның пікірінше, тұрғындардың өз бетінше жасаған қайта жоспарлау жұмыстары да қосымша қауіп тудырады.

Пәтерлердегі заңсыз өзгерістер эвакуация логикасын бұзуы мүмкін. Ал мұндай өзгерістерге бақылау жеткіліксіз, – дейді ол.

Сарапшы қазіргі жүйенің негізгі кемшілігін айтты.

Жүйе үй тапсырылатын сәтке арналған. Ал өрт қабылдау күні емес, ғимараттың күнделікті өмірінде болады, – дейді Диляра Сейтнурова.

Өрт кезінде эвакуация үшін не болуы керек?

Сарапшының айтуынша, көпқабатты тұрғын үйлерде міндетті түрде бірнеше қауіпсіздік элементі болуы тиіс. Олардың қатарында кемінде екі эвакуациялық шығу жолы, сол жолдарға кедергісіз өту мүмкіндігі, биік ғимараттардағы түтін кірмейтін баспалдақ алаңдары, автоматты өрт дабылы, тұрғындарды хабардар ету және эвакуацияны басқару жүйелері, түтіннен қорғау және түтінді шығару жүйелері болуы қажет.

Сондай-ақ әр қабатта өрт сөндіру крандары орнатылған ішкі өртке қарсы су құбыры, апаттық жарықтандыру, «Шығу» белгілері, ал биік үйлерде өрт сөндірушілерге арналған арнайы режимі бар лифт қарастырылуы тиіс. Ғимараттың сыртында өрт техникасы еркін кіріп-шыға алатын жолдар мен гидранттарға қолжетімділік болуы қажет.

Тұрғындар нені өздері тексере алады?

Диляра Сейтнурова әр тұрғын үйінің өрт қауіпсіздігі деңгейін қарапайым тәсілдер арқылы бағалай алатынын айтты.

Өз қабатыңыздан көшеге дейінгі баспалдақпен жүріп өтіңіз. Жол бос болуы керек. Есіктер өздігінен жабылуы тиіс, – дейді ол.

Сондай-ақ сарапшы қабаттағы өрт шкафын ашып көруге кеңес береді.

Ішінде міндетті түрде өрт сөндіру жеңі мен кран болуы керек. Дәліз төбесіндегі датчиктердің орнында тұрғанына және олардың жапсырылып тасталмағанына көз жеткізіңіз, – дейді ол.

Бұдан бөлек, апаттық жарықтандырудың, шығу белгілерінің жұмысын тексеруге, меншік иелері бірлестігінен өрт қауіпсіздігі жүйелеріне қызмет көрсету туралы келісімшарттарды, тексеру актілерін және техникалық қызмет көрсету журналдарын сұратуға болады. Сарапшы ауланы да назардан тыс қалдырмауға шақырады.

Өрт сөндіру техникасы жүретін жолдар көліктермен бітеліп қалмауы керек, – дейді ол.

Пәтер сатып аларда немесе жалдарда неге назар аудару қажет?

Сарапшының айтуынша, тұрғын үйді таңдағанда адамдар көбіне жөндеу сапасы мен терезеден көрінетін көрініске назар аударады. Алайда қауіпсіздік мәселесі бірінші орында тұруы тиіс. Пәтер сатып алатын азаматтар ғимараттың қабаттылығын, үйдің түрін, екі эвакуациялық шығу жолының бар-жоғын, түтін кірмейтін баспалдақтардың болуын, эвакуация жолдарының жағдайын, өрт дабылы мен түтін шығару жүйелерінің жұмысын тексеруі керек. Сонымен қатар өрт техникасына арналған жолдардың бар-жоғына, қайта жоспарлау жұмыстарының заңдылығына, қасбет материалдарына, пайдалануға беру актісіне және инженерлік жүйелерге қызмет көрсету туралы келісімшарттарға мән берген жөн.

Ал пәтер жалдайтындар үшін негізгі талаптар – екі эвакуациялық шығу жолының болуы, баспалдақтың ашық тұруы, өрт датчиктерінің орнында болуы, қабатта өрт сөндіргіштің болуы және қабырғада эвакуация жоспарының ілінуі. Сарапшы терезелер мен балкондарға толық жабық темір тор орнатылған үйлерден сақ болуға кеңес береді.

Ең басты қағида біреу ғана. Әдемі жөндеу мен терезеден көрінетін көрініс – екінші кезектегі нәрсе. Ең алдымен жарық өшіп, дәлізді түтін басқан жағдайда осы үйден қауіпсіз шыға алатыныңызды ойлаңыз, – деп түйіндеді Диляра Сейтнурова.