Өртеніп кеткен Алматы әкімдігі ғимаратының қазіргі келбеті қандай
Қаңтар оқиғасы кезінде толықтай өртеніп кеткен Алматы әкімдігінің ғимараты қалпына келтірілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ғимараттың кепілдік мерзімі - 2 жыл. Өртенгенде ғимараттың 80%-ы жарамсыз болды.
Тек қаңқасы ғана қалған еді. Ғимараттың 3 павильоны жөнделіп, қолданысқа берілді.
Бұл ғимарат 4 павильоннан құралған. Қазіргі таңда үшеуі бітті. Үкіметтен ғимаратты қайта жөндеуге 17 млрд теңге бөлінді. Өрттен кейін құрылысқа жөндеу жұмыстары жүргізілді, бір жылда құжаттық жоба шыққаннан кейін бір жыл мерзімде аяқталды. Біздің ғимарат жер сілкінісі болған жағдайда 9-10 баллға дейін шыдас береді деп айта аламын. Құрылыс заттарының барлығы осы Алматы қаласында шығарылған өнімдерден жасалды. Ғимараттың кепілдік мерзімі - 2 жыл. Әкімдік қызметкерлері ақырындап көшіп жатыр. Келесі аптаның басында қала әкімі Ерболат Досаев та өз кабинетіне жайғаспақ. Қалған бір павильон осы айдың аяғына дейін аяқталады, – дейді Алматы қаласы әкімі аппаратының басшысы Бейбіт Шаханов.
Жаңа ғимараттың дизайны тарихи келбетін сақтап қалған. Тек бірінші қабатында азаматтарды қабылдау орны кеңейтілген.
Ғимараттың конструкциясы, кабинеттері сол баяғы қалпында қалды. Дизайны да еш өзгермеді. Себебі ғимараттың тарихи келбетін сақтап қалуды жөн санадық. Ғимараттың бірінші қабатында азаматтарды қабылдау орны кеңейтілді. Енді қала тұрғындары әкімдік ғимаратына келіп, өз арыз-шағымдарын айта алады. Бұл жерде де кезек талон арқылы беріледі. Біздің басты мақсатымыз - келген адамдардың мәселелерін мамандар арқылы шешіп кетуіне мүмкіндік жасау. Егер шешілмеген жағдайда, өтініштерін қалдырып кетеді, белгілі бір уақытта жауап қайтарылады, - дейді Бейбіт Шаханов.
Еске сала кетейік, ғимараттың жалпы ауданы 33 мың шаршы метрден асады. Ғимарат 360 кеңсе, 700 орынға есептелген.
Жөндеу жұмыстарынан кейін кеңселердің ауданы өзгеріссіз қалды.
Ғимаратта 14 басқарма мен әкім аппараты орналасқан.