Орташа жалақы 299 мың. «Ауруын жасырған өледі» немесе экономистің 2023 жылға болжамы
Елімізде азық-түлік қымбаттап, инфляция 23%-ға жетті. Бұл биылғы көрсеткіш. Ал 2023 жыл Қазақстан халқы үшін қандай жыл болмақ? Азық-түлік тағы қымбаттай ма? Еліміздегі экономистер келер жылға қандай болжам жасап жатыр? Бұл сұрақтардың жауабын экономист Бауыржан Ысқақовтан сұраған едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жыл бұдан да қиын болуы мүмкін екенін айтты.
Халық сөзінің жаны бар. Өйткені шын мәнінде күн көру қиындап барады, баға шарықтап өсіп жатыр. Қаладағы және ауылдағы тұрғындардың өмірі үшін аса маңызды инфрақұрылымның тозығы жеткен, тіпті, мүшкіл халде десек те артық емес. Мұндай кезде қол қусырып, жайбарақат отыруға болмайды. Осындай жағдай бәрімізге қауіп төндіретіні анық. Оның үстіне, келесі жыл қазіргіден де күрделі, қиын болуы әбден мүмкін, - деген болатын Мемлекет басшысы.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, республика бойынша 2022 жылғы III тоқсанда айына орта есеппен жан басына шаққандағы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы 46 671 теңге болды.
Елді қымбатшылық қысып барады
Ұлттық статистика бюросының 1 желтоқсанда таратқан ақпаратына сәйкес елдегі инфляция төмендегідей болып отыр.
Қараша айында айлық инфляция деңгейі қазанмен салыстырғанда 0,2 пайызға төмендеп, 1,4% болған. Ал өткен айда азық-түлік тауарлары 1,8%-ға, өзге тауарлар 1,6%-ға, ал ақылы қызметтер 0,8%-ға қымбаттады.
Азық-түлік тауарларының ішінде қияр – 41,5%, қызанақ – 26,1%, жұмыртқа – 6,7%, пияз – 5,9%, күріш – 3,5%, қаймақ – 3,4%, жаңа піскен жеміс – 3%, тұздалған майшабақ – 2,7%, айран – 2,5%, сүт – 2,4%, кондитерлік өнімдер – 1,6%, ірімшік және сүзбе – 1,5% қымбаттады. Сәбіз – 2,9%, құмшекер 1,9% арзандады.
2022 жылдың қазанмен салыстырғанда қарашада азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы 1,6% өсті. Дизель отыны – 13,9%, тас көмір – 2,6%, ағаш отын – 1,6% қымбаттады. Жуу және тазалау құралдарының бағасы – 4,1%, жеке пайдаланылатын тауарлар – 2,8%, киім және аяқкиім, ыдыс, тоқыма бұйымдары 1,6% өсті.
Ақылы қызметтердің баға деңгейі өткен айда 0,8% өсті. Бағаның өсуі қоғамдық тамақтану қызметтеріде – 2,7%, монша қызметтеріде – 1,9%, шаштараз бен сұлулық салондары қызметтеріде – 1,8%, денсаулық сақтау, демалыс және спорттық іс-шаралар саласындағы қызметтерде – 1,7%, қонақ үй қызметтеріде – 1% болды.
Инфляция 2022 жылғы қарашадағы жылдық есептеуде 19,6% болса, азық-түлік тауарларының бағасы – 24,1%, өзге тауарлардікі – 18,6%, ақылы қызметтердікі – 14,1% өсті.
Ал елдегі орташа жалақы 2022 жылғы IІI тоқсанда 299 782 теңге болды. 2021 жылдың тиісті тоқсанына қарағанда өсім 23,0%, нақты мәнде 5,8%. Жалақының медианалық мәні (жалақы қатарының орталық деңгейі) 2022 жылғы ІIІ тоқсанда бағалау бойынша 189 018 теңге.
«Экономикаға «шок» әкелетіндей реформалар енгізу қажет»
Біз әуелі сандарды сөйлетіп көрдік. Енді осыны тарқатып, нақты бағасын беру үшін экономистің пікіріне жүгінсек.
Экономист Бауыржан Ысқақов ел экономикасы импорттық тауарларға тәуелді болып отырғанын алға тартады. Маманның сөзінше, экономикаға «шок» әкелетіндей реформалар енгізуді бастау қажет.
Елдің экономикасы жоспарлануы керек. Бірақ біз экономиканы әлі де нақты сектордың өндірісімен немесе басқа да кәсіпорындардың, шағын және орта бизнестің дамуымен емес, мұнайдың әлем нарығындағы бағасының өзгеруіне сәйкес бюджеттің қалыптасуымен есептеп отырмыз. Әрине, мұның көптеген минусы бар. Мысалы, алдағы 2023-2027 жылдарға арналған экономиканың даму жоспары жылдағыдай оптимистік, писсимистік және базалық деп әзірленіп жатыр. Мысалы, орташа жылдық өсімі 4%, инфляция мөлшері 7,5-10%, мұнайдың баррелі орташа есеппен 85 доллар. Бұл оптимистік жоспар деп айтуға болады. Өйткені біз 2022 жылды экономикалық қарқынмен, жоғары көрсеткішпен аяқтап жатырмыз деп айта алмаймын. Инфляцияның 18%-ға көтеріліп кетуі, азық-түлік инфляциясының 23%-ға көтерілуі, Ұлттық банк базалық ставкасының бір жылда 4 рет көтерілуінің өзі де келер жылдағы экономикалық жағдайдың қиындауына алып келеді деп нақты айта аламын, - дейді экономист.
Ысқақовтың айтуына қарағанда, экономикамыз тек ішкі ресурстарға ғана емес, сонымен қатар сыртқы тұрақсыздыққа да, болатын әртүрлі факторларға да өте тәуелді. Яғни геосаяси факторлар, нақты сектордағы көптеген кері көрсеткіштің болуы салдарынан экономикамыздың жоғары көрсеткіштерге жетуі қиын. Қазіргі уақытта экономикамызға келетін импорттық тауарлардың үлесі 60%-дан асып отыр.
Сонымен қатар Ұлттық қордағы қаражатты жоғары табысты инвестициялық көзге жеткізе алған жоқпыз. Ұлттық қор құрылғаннан дәл қазіргі уақытқа дейінгі түскен табыстың 70%-ы ұлттық валютамыздың құлдырауы нәтижесінде девалвацияның арасында болған курстық айырмадан түскен табыс екен. Яғни біз тіпті қарапайым ғана Ұлттық қордың қаражатын әлемнің ірі қаржы институттарына салсақ та, тұрақты кепілдендірілген кіріс ала алмай отырмыз. Міне, осы көрсеткіштің өзімен-ақ келесі және одан кейінгі жылдардағы экономикамыздың қандай болатынын байқауға болады. Сол себепті экономикамыз тұрақты болуы үшін экономикалық саясатқа күрделі, тың, «шок» әкелетіндей реформалар енгізуді бастауымыз керек, - деп есептейді Бауыржан Мұратбекұлы.
Сөзінше, қарапайым халыққа қажетті тауарлардың 75-80%-ға дейінгі өнімін Қазақстанның 20 облысындағы кәсіпорындарда шығара алсақ, ауылшаруашылығымыздың әлеуетін толық ашып, логистикалық, транзиттік мүмкіндіктерімізді ұлттық экономикамыздың мүддесіне жұмыс істейтіндей жобалар жасай алатын болсақ қана экономикамызда оң өзгерістер болады.
Халықтың сұранысын қазіргідей Ресейдің және басқа да елдердің дайын тауарларымен ғана өтеп отыра берсек, онда ешқандай да экономикалық өсім болмайды. Осындай көрсеткіштердің нәтижесі болса ғана экономикалық жағымды факторлар болады. Дегенмен алдағы жақын уақытта экономикамызда үлкен өзгерістер болады деп айта алмаймын, - дейді ол.
«Жалақының 85-90%-ы күнделікті шығынды ғана өтейді»
«Ауруын жасырған өледі» дейді емес пе? Бізде барлығы қымбаттап кетті. Бір ғана көрсеткішпен айтуға болады: егер мемлекеттің азаматтары өздерінің жалақысының 70%-дан аса бөлігін күнделікті қажеттілікке, несиесіне, коммуналдық шығын сияқты базалық төлемдерге жұмсап, өзінің дамуына 15-20%-ы ғана қалатын болса, онда ол мемлекетті орташа есеппен «халқы кедей мемлекет» деп айтуға болады. Бірақ біздегі көрсеткіш одан да асып кетіп отыр. Қазір халықтың қолындағы жалақысының 85-90%-ға дейінгі мөлшері жоғарыда айтылған шығынға жұмсалып отыр, - деп айтты экономист.
Оның пікірінше, мұның барлығына экономикалық реформалардың сәтсіз жүріп жатқаны себеп.
Доллар өсе ме?
2023 жылы доллар міндетті түрде өседі. Өйткені теңгенің өсуіне ешқандай алғышарт жоқ. Теңгенің тек базалық ставканың өскенінен депозиттердің жылдық пайыздық ставкасы 15-16%-ға дейін ғана көтерілгенін көрдік. Басқа бір ғана тиімді тұсы бар. Ол – теңгелік депозиттердің ғана мөлшерлемесінің өсуі. Алайда қазіргі уақытта азаматтардың басым бөлігінің депозитінде көп табыс әкелетіндей ақшасы жоқ. Бірақ теріс әсері өте көп. Мысалы, несие пайызының көтерілуі. Халық бизнес ашуды ойлап, несие алғысы келеді, бірақ оның пайыздық үстемесі жоғары болғандықтан несие ала алмай, бизнес ашуға мүмкіндік болмайды. Қарапайым сөзбен айтқанда, бір қолымызбен теңгелік депозиттің мөлшерлемесін көтеріп, екінші қолымызбен бизнестің дамуына кері әсерін тигізіп отырмыз, - деп есептейді экономист Бауыржан Мұратбекұлы.
Маманның ойынша, доллардың теңгеге шаққандағы бағасы келер жылы қымбаттауы мүмкін. Бір доллардың құны 500 теңгеге дейін баруы ықтимал.
2023 жылдың бірінші тоқсанында 1 доллардың бағасы 500 теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Сонымен қатар Еуразиялық даму банкінің экономистері зерттеу жүргізіп, 2023 жылы бір АҚШ доллары 486 теңге шамасында болуы мүмкін деп болжап отыр.
Бұл туралы банктің 2023 жылға арналған макроэкономикалық болжамын таныстырғанда айтты.
Теңгенің орташа жылдық бағамы 2023 жылы долларға шаққанда шамамен 486 теңге болуы мүмкін. Бұл, негізінен, мұнай бағасының төмендеуі мен осының салдарынан экспорттан түсетін түсімдердің азаюынан болуы мүмкін. Сондықтан теңге бағамына қатысты өзгеріс байқалады, – деді сарапшы Айгүл Бердіғұлова.