Ортақ құндылықтарымызды жаңғырту жалғаса береді – этно-мәдени орталық төрағасы

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Өзбекстандағы Қазақстан жылы 15 сәуір күні ресми түрде бастау алғаны мәлім. Осы салтанатты шараға арнайы іссапармен барған Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің барлық аймағында өзбек этно-мәдени бірлестіктері бар екенін, 2 өзбек театры сапалы қызмет көрсететінін айтқан. Жалпы екі ұлттың тілі, діні, мәдени-рухани құндылықтары бір-біріне ұқсайды. Тараздағы өзбек этно-мәдени орталығының төрағасы Абдурахман Зайнутдиновпен сұхбатымыз да сол байланыстарымызды тереңдету бағытындағы шаруалар төңірегінде өрбіді.

– Түркі жұртынан тарайтын қос ұлттың достығын нығайтып, татулығын арттыру бағытында Әулиеата өңірінде қандай шаралар жасалуда?

– Тарих бетіне таңбаланған оқиғалардың әсері ғой, бүгінде Ұлы Дала елінде тағдыр тоғыстырған 130-дан астам этностың өкілдері тату-тәтті, бейбіт те берекелі ғұмыр кешуде. Кейбірі КСРО-ның іргесі сөгілгеннен соң-ақ ата жұрттарына ат ізін салып үлгерген. Десе де тағдырларын Қазақ топырағына байлап, ұрпақ өсіріп, өркен жайғандары да бар.

Қазіргі таңда диаспоралардың түгелін дерлік Елбасы құрған Қазақстан халқы Ассамблеясы бір шаңырақтың астында біріктірген. 1995 жылғы 1 наурызда Тұңғыш Президенттің Жарлығымен құрылып, өзге елдер қызыға қарайтын ұйымға айналған қоғамдық институттың көпұлтты мемлекетіміздегі орны айрықша. Ассамблея жанынан ақсақалдар және аналар, қоғамдық келісім кеңестері, қолөнершілердің шығармашылық шеберліктерін дамытуға арналған орталықтар қызмет етеді. Міне, осы құрылымдардың барлығы тек қазақ пен өзбектің ғана емес, Қазақстан халқының бірлігін, достастығын тереңдету мен нығайту бағытында жұмыс жүргізуде.

Бұған қоса, Жамбыл жерінде жыл сайын түрлі шаралар, басқосулар ұйымдастырылып тұрады. Олардың барлығында қос ұлттың алыс-берісін, ынтымағын дәріптейміз. Кейінгі буынның арасында да керемет достықтың іргесі қаланғанын күнде көріп жүрміз. Мұндай бауырластығымыздың, сыйластығымыздың аражігін ешкім ажырата алмайды деген ойдамын.

Ал өз кезегінде елдегі әртүрлі этнос өкілдерінің мәдениеті мен салтының сақталып, ішкі ынтымағымыздың мығым болуы, оларға тең дәрежеде құқық берілуі – сыртқы саясаттағы ісіміздің алға басуына ықпал етіп отырғаны анық.

– «Татулық пен келісім формуласы: әлеуметтік бірлік және жаңғыру» тақырыбындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының елорда төрінде жақында ғана өткен алқалы жиынында жүктелген міндеттерге тоқталсаңыз?

– Сессияға Тұңғыш Президент, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы да қатысты. Жиында болашақтың міндеттері айқындалды. «Татулық пен келісім формуласы: әлеуметтік бірлік және жаңғыру» деген атының өзі жеткізіп тұрғандай-ақ, бұл жиын түрлі этникалық диаспоралардың бірлігін нығайтуға үндейді. Еліміздегі келісім мен тұрақтылықты сақтау жолында жұртты жұмылдыра түседі.

Бұл басқосудан керемет әсермен оралдық. Ассамблея Төрағасы тарапынан жүктелген тапсырмаларымыз бен міндеттерімізге айрықша серпінмен кірісетін боламыз.

– Былтыр ғана Қазақстандағы Өзбекстан жылы маңызды оқиғалармен дестеленіп, жоғары дәрежеде түйінделгенін көрдік. Соған байланысты оңтүстік аймақта қандай шаралар атқарылды?

– Рас, өткен жылғы Өзбекстан жылына орай Қазақстан аумағында салмақты жиындар, басқосулар, мәдени, рухани семинарлар, конференциялар ұйымдастырылды. Оның бәрі мемлекетімізде мекен ететін өзбектердің төл құндылықтарын сақтау мен дамытуды мұрат тұтқанын атап өткен жөн. Жамбыл жерінде Өзбекстаннан мәртебелі меймандар шақырылып, салмақты шаралар өткізілді. Ал аймақ бойынша ұйымдастырылған шаралардың ішінде өткен жылғы наурыз айында еліміздің рухани астанасы Түркістан шаһарында өткен «Біз біртұтас халықпыз» деп аталатын халықаралық ғылыми конференцияны айрықша айтуға тұрарлық.

Таразға да өзбек жұртынан тарихшылар, әдебиетшілер мен өнертанушылар шақырылып, зиялылар мен белгілі тұлғалардың өмір жолынан өнеге боларлық кино картиналар, деректі фильмдер көрсетілді.

– Биыл Өзбекстандағы Қазақстан жылына орай Әулиеата жерінде қандай шаралар ұйымдастырылмақ?

– Алтын Орда құлдыраған он бесінші жүзжылдық өзбек-қазақ халықтарының дәуірлеген кезеңі ретінде қарт тарих бетіне қатталды. Өйткені ешқандай халық өз-өзінен жер басып, жаратылған жоқ. Жұмырбасты пенде сияқты, қай ұлт та, ұлыс та бір тамырдан, яғни Адам атадан бастау алады. Әр халықтың бойындағы күші мен жігері, мінезі, тілі, болмысына сіңгенін ұмытпауымыз керек. Сонымен қатар салт-дәстүр, әдет-ғұрып пен мәдениеттің, руханияттың, өнердің өміршеңдігінде де үлкен мән бар.

Осы орайда, көршілес һәм түркітілдес екі халық тілі мен болмысын ұрпақтан ұрпаққа барынша ұлағаттаған, жеткізген. Сондықтан ортақ рухани құндылықтарымызды жаңғырту бағытындағы шаруалардың легі үзілмей, алдағы уақытта да жаңғырып, жалғаса беретініне сенімім мол. Оларға бірге куә боламыз деген сенімдемін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы