Кеше 2026, 12:55 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Орталық референдум комиссиясына 200-ден астам өтініш түскен

Референдумға дайындық кезінде ОРК-ге 228 өтініш түскен.

Республикалық референдумды дайындау және өткізу кезеңінде Орталық референдум комиссиясына азаматтар мен заңды тұлғалардан түскен өтініштер қаралып жатыр. Бұл жайында комиссия отырысында Орталық референдум комиссиясының мүшесі Әсел Жанәбілова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңға сәйкес, референдум комиссиялары заңнама бұзылуы мүмкін деген өтініштер мен шағымдарды қарауға уәкілетті.

Орталық комиссия бұл қызметті референдум және сайлау туралы конституциялық заңдардың нормаларына, сондай-ақ Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің талаптарына сәйкес белгіленген құқықтық тәртіппен жүзеге асырады, – деді Әсел Жанәбілова.

ОРК мүшесінің мәліметінше, республикалық референдум өткізу туралы жарлық қабылданғаннан бері Орталық комиссияға 228 өтініш түскен. Оның 200-і жеке тұлғалардан, ал 28-і заңды тұлғалардан келіп түскен.

Жанәбілованың сөзінше, өтініштердің басым бөлігі референдум туралы заңнаманы түсіндіруге қатысты.

Өтініштердің жартысынан астамы – 52%-ы референдум заңнамасын түсіндіруге қатысты. Тағы 20%-ы референдумның мәні мен тақырыбына, ал 5%-ы қоғамдық пікірге сауал салуды өткізу мәселесіне байланысты. Әрбір өтініш уақтылы қаралып, қолданыстағы заңнама нормаларына сілтеме жасай отырып толық жауап беріліп жатыр, – деді ол.

Сонымен қатар ОРК мүшесі бүгінгі күнге дейін Орталық және аумақтық комиссиялардың жауаптарына шағым түспегенін атап өтті. Сондай-ақ республикалық референдумды дайындау және өткізу мәселелері бойынша сотқа талап-арыздар да берілмеген.

Айта кетейік, Қазақстанда 14 наурыз сағат 00:00-ден бастап референдум алдындағы «тыныштық күні» басталады. Осы уақыттан бастап дауыс беруге «жақтап» немесе «қарсы» шақыратын кез келген үгіт-насихат материалдарын жариялауға тыйым салынады.