Бүгiн 2026, 12:17 Фото: ©BAQ.KZ/Арман Мухатов

Орталық Азияның геологиясы бәріне қызық: Сарапшы себебін атады

Геология саласына әлем елдері назар аударып, Орталық Азия жаңа ресурстар орталығына айналып келеді.

Ұлттық геологиялық қызмет басқарма төрағасы Ерлан Ғалиев Орталық Азия геологиясына халықаралық қызығушылықтың күрт артқанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда аймақтың минералдық әлеуеті әлем елдерінің назарын аударып отыр.

Қазір Орталық Азияның геологиясы бәріне қызық. Мұндай қызығушылық бұрын болмаған, – деді ол.

Спикер бұл үрдісті жаһандық нарықтағы өзгерістермен байланыстырды.

Нарық қазір сирек және сирек жер металдарына үлкен сұраныс қалыптастырып отыр. Сондықтан Орталық Азия елдері инвестор тарту үшін белсенді жұмыс жүргізіп жатыр, – деді Ғалиев.

Оның айтуынша, тек шикізат өндірумен шектелу жеткіліксіз.

Біздің міндет – тек өндіру емес, оны өңдеп, қосылған құны жоғары өнім шығару, – деді ол.

Ғалиев геологиялық барлау саласын дамыту үшін инвестиция тартудың маңызын атап өтті.

Жаңа кен орындарын ашу экономикаға үлкен серпін береді. Бұл – жұмыс орындары, салық түсімдері және жалпы экономикалық өсім. Сондықтан мемлекеттік қаржымен қатар, инвестиция тарту қажет, – деді ол.

Осы бағытта жаңа қаржыландыру тетіктері қарастырылып жатыр.

Барлау аяқталған соң кен орындары аукционға шығарылады. Сол аукционнан түскен қаражаттың шамамен 50 пайызы қайтадан геологияға бағытталады. Осылайша біз тұрақты, жабық қаржыландыру циклін қалыптастырғымыз келеді, – деп түсіндірді сарапшы.

Ерлан Ғалиев Орталық Азия елдеріне ортақ негізгі проблемалардың бірі – білікті мамандар жетіспеушілігі екенін айтты.

Бұл тек біздің өңірге ғана емес, бүкіл әлемге тән мәселе. Геология және тау-кен саласында кадр тапшылығы бар, – деді ол.

Спикердің айтуынша, қазіргі таңда салада заманауи технологиялар, соның ішінде жасанды интеллект негізіндегі әдістер енгізіліп жатыр.
Сонымен қатар, геология саласының ерекшелігіне тоқталды.

Геология – дәл нәтиже бірден көрінетін сала емес. Бұл – ұзақ мерзімді ғылыми процесс. Кейде нақты нәтиже 5-10 жылдан кейін ғана көрінеді, – деді Ғалиев.

Форумға Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан елдерімен қатар, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Финляндия және АҚШ өкілдері қатысқан.

Ғалиевтің айтуынша, қазіргі таңда өңір елдері арасында нақты келісімдер аз болғанымен, алдағы уақытта ынтымақтастықты күшейту жоспарланып отыр.

Еске салайық, бұған дейін Геология, инвестиция және барлау саласына қатысты Астанада халықаралық форум басталды.