Орталық Азияның экономикасы демографиялық өсімге ілесе алмай келеді - Тұқымов
Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов Орталық Азиядағы басты қатерді айтты, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Мен Орталық Азия үшін стратегиялық белгісіздікті ең бірінші орындағы қатерге жатқызар едім. Бүкіл әлемде стратегиялық белгісіздік артып тұр. Бұл базалық тенденция біздің өңірге де әсер етеді. Бұл жақсы ма, әлде жаман ба дегенге келсек, екіұдай мәселе. Өйткені, бір жағынан әлемнің жылдам өзгеріп жатқаны соншалық, бір ғана буынның басынан іргелі өзгерістер өтіп жатыр. Бұрын мұндай өзгерістер жүздеген жылдарға созылатын, - дейді Тұқымов.
Қазіргі таңда Орталық Азия елдеріне стратегияларын қайта бір пысықтап алу қажет. Мәселен, біз мынау құбылмалы әлемге экономикамызды, саяси жүйе мен қауіпсіздік жүйесін дұрыс бейімдей алдық па? Өз стратегияларымызды дұрыс таңдай алдық па?, - деді ол.
Спикердің айтуына қарағанда, егер дұрыс бағыт таңдап, бейімделе алмасақ «қара аққулар» ғана емес, бұрыннан белгілі болған, бірақ ешкімнің елеуге мұршасы болмаған «сұры мүйізтұмсықтар» табын-табынымен қаптауы мүмкін.
Бір ғана мысал, әлемде біздің өңір халқының санын пайызға шаққанда 1 пайыз ғана болса, бүкіл экономикамыздың жиынтық салмағы 0,3 пайыз. Яғни, экономика бойынша демографиялық өсімнен кемінде үш есе артта келе жатырмыз. Демек, қазірдің өзінде стратегияларымыз туралы ойлана бастау керек. Жалпы шикізат экспорттаушы модель аяқталып келе жатыр. Оның тиімсіз екенін түсініп отырмыз. Ол біздің ішкі өнімге ары кетсе 1-3 пайыз ғана үстеме қоса алатын шығар. Бұл дегеніміз жаңа құрылымдық реформалар жүргізу қажет екенін көрсетеді, - деді ҚСЗИ басшысы.